Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазан айында қазақстандық кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдер

Фильмді үйде ғана емес, көпшілікпен қатар отырып көргенді ұнататын жандарға Stan.kz қазан айында қазақстандық кинотеатрлардан көрсетілетін ең үздік туындылар тізімін ұсынады.

image

Жер бетінде қанша адам болса, сонша түрлі мінез, соншалықты талғам бар. Бірі әдеби кітаптарды сүйіп, оларды жата жастана оқыса, енді бірі ұзын-сонар романның режиссерлер жан бітірген нұсқасын таңдайды. Соңғысын таңдаған көрермендерге алдағы айдың ең үздік туындыларымен таныстырамыз.

“Мисс Перегриннің оғаш балалары”

Жанры: Фэнтези
Режиссері: Ева Грин,
Рөлдерде: Элла Пернелл, Сэмюэл Л. Джексон, Эйса Баттерфилд, Эллисон Дженни
Мемлекеті: АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания

Джейкоб есімді балақайға атасы үнемі оғаш мінезді балалар өмір сүретін үй туралы айтып отырады. Ертегідегі балақайлардың бірі қолынан от шығарса, екіншісінің аяғы жерге тимейді. Енді бірінің адамдармен сөзсіз тіл табысу қасиеті бар. Атасы қайтыс болған кезде Джейкоб 16 жаста болады. Ол өзіне атасының қалдырып кеткен хатын оқып, ары қарай аралда өмір сүру туралы шешім қабылдайды. Сол жерден бала күнінде естіген ерекше қасиеттері бар балақайларды жолықтырады. Отандық кинотеатрларда 6 қазаннан бастап көрсетіледі.

22

“Соққыны күт, сұлу қыз”

Жанры: Комедия
Режиссері: Ара Оганесян
Рөлдерде: Екатерина Владимирова, Михаил Пореченков, Игорь Верник, Ольга Бузова, Анастасия Самбурская
Мемлекеті: Ресей

Света мен Таня есімді егіздердің сырт келбеттері қатты ұқсайды. Құдды екеуін бір тамшының жартысы дерсің. Алайда олардың мінез-құлықтары бір-бірінен мүлдем өзгеше. Света ұрысқақ әрі табанды. Ол телевидение саласында үлкен табысқа жетуді армандайды. Ал Таня Ресейдің бокс құрамасына ілігуді өзіне мақсат тұтқан. Оны “Белдемшедегі Тайсон” деп те атайды. Ол бар уақытын шаршы алаңдағы спорттық жаттығуларға арнайды. Бір күні Таня басынан жарақат алып, егізін өзінің орнына медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлейді. Себебі, оның ары қарай спорттық мансабын жалғастыруы тікелей осы комиссиядан өтумен байланысты. Ал Света туған сіңлісінен өзінің орнына телевидениедегі практикасына қатысуды сұрайды. Осылайша Света жұдырықтасуды, ал Таня барлығын ақылмен шешуді үйренеді. Отандық кинотеатрларда 6 қазаннан бастап көрсетіледі.

33

“Тағдырдың ойыны”

Жанры: Мелодрама
Режиссер: Нұрғиса Әгібаев
Рөлдерде: Әділ Арай, Нұрлан Бекетов, Алианна Әбләзімова, Райымбек Рахатов
Мемлекет: Қазақстан

Картина Әйгерім есімді ару мен Рүстем есімді жігіттің арасындағы құдіретті сезім туралы. Олардың махаббаттары уақыт өте келе құштарлыққа ұласады. Алайда Әйгерімнің жүкті екені белгілі болғанда махаббат оты бірден сөнеді. Араларына бойжеткеннің анасы араласып, олардың мақсат-мұраттарының күл-талқанын шығарады. Айналасындағылардың әрекетінен әбден мезі болған Әйгерім ішіндегі баласын түсіріп алады. Ол өмірден баз кешіп, күйзеліске түседі. Сүйіктісімен айырылысып кетеді. Алайда  7 жылдан кейін бұл махаббат хикаясы қайтадан өз жалғасын табады. Әсел есімді кішкене бүлдіршін пайда болып, картина сюжеті басқа арнаға бұрылады. Балалар үйінен қашқан бұл бүлдіршін Әли есімді гитарашы жігітке жолығады. Әсел гитарашы жігіттің қарапайым мінезі мен музыкаға деген махаббатына қайран қалады. Ол мұндай адамдармен бұрын-соңды жүздесіп көрмеген соң, солардың қасында қалып өмір сүру үшін барын салады. Соңында Әсел мен Әлидің арасында ерекше байланыс пайда болады. Ал бұл төрт кейіпкердің өзара қандай байланысы бар екенін тек фильмді көрген кезде ғана түсіне аласыз. Отандық кинотеатрларда 6 қазаннан бастап көрсетіледі.

4

“Итке талас”

Жанры: Комедия
Режиссері: Хак Ботко
Рөлдерде: Алисия Сильверстоун, Райан Квинтен, Рэндолл Батинкофф, Мишель Суини Абрамс, Сьюзи Брэк
Мемлекеті: АҚШ

Олив табысты дәрігер. Ал оның күйеуі Клэй жолы болмаған хоккейші. Олар бір-біріне бір көргеннен ғашық болып, отбасын құру туралы шешім қабылдайды. Көп ұзамай заңды түрде некелеседі. Ару бала-шағаға толы отбасы туралы армандайды. Ал Клэй керісінше бірінші орынға өзінің мансабын қойып, сүйіктісіне назар аудармай кетеді. Осыдан кейін қос ғашықтың ажыраспасқа амалы қалмайды. Ажырасу үрдісі кезінде олар үй жануарына таласады. Әрқайсысы сот төрағасына оған лайық қамқорлық көрсететінін дәлелдеуге тырысады. Отандық кинотеатрларда 6 қазаннан бастап көрсетіледі.

image

“Тараз”

Жанры: Драма
Режиссер: Нұртас Адамбай
Рөлдерде: Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжіт, Нұртас Адамбай, Гүлнәз Жоланова, Жандос Айбасов
Мемлекеті: Қазақстан

Нұртас Адамбай “Сәбина келін” фильмінің екінші бөлімін ұсына салысымен, тағы бір жобасын түсіруді бастап кеткен болатын. Режиссердің “Тараз” атты туындысы өзінің туған қаласында түсірілді. Бұл фильм оның өзге туындыларынан айтарлықтай ерекше болмақ. Себебі, ол осы уақытқа дейін комедия жанрындағы туындыларды түсіретін. Бұл жолы оның таңдауы драма жанрына түскен. Фильмнің сюжетінде атыс, ұрыс, жанжал сынды дүниелер көп болмақ. Жалпы туынды қылмыс әлемінде жүрген жас жігіттің өмірін баяндауға арналған. Отандық кинотеатрларда 6 қазаннан бастап көрсетіледі.

32659845

“Бақа ханшайым”

Жанры: Анимациялық фильм
Режиссер: Нельсон Шин, Мелани Симка
Рөлдерде: Белла Торн, Грегг Салкин, Даллас Ловато, Лил Ромео, Брэндон Хадсон, Саванна Хадсон, Нэйтан Барнатт
Мемлекеті: АҚШ, Қытай

Бақалар патшалығында Олимпиада ойындары өткізілмек. Аталған жарысқа патшалықтың түкпір-түкпірінен бақалар келіп қатысқалы отыр. Ал жеңімпазға ханшайым бұйырады. Алайда ханшайым әкесінің бұл шешімін құп көрмей, жігіттің киімін киіп қарапайым халықтың арасына кетіп қалады. Сол жерде Рэйн сатушы, Кен балақай сынды достар табады. Бет-жүзін жасырып Олимпиада ойындарына өзі де қатыспақ болады. Ханшайым мен сатушы турнирге дайындалып жатқан кезде, балақай ойыншылардың көзбояушылық ұйымдастырып жатқандарын біліп қояды. Дәл осы сәтте барша патшалыққа қауіп төніп тұрған еді.

6

“Инферно”

Жанры: Триллер
Режиссер: Рон Ховард
Рөлдерде: Том Хэнкс, Бен Фостер, Фелисити Джонс, Ирфан Кхан, Омар Си, Ана Улару, Ида Дар
Мемлекеті: АҚШ, Жапония, Түркия, Венгрия

Профессор Лэнгдон өмірін адамзат тарихындағы құпия кодтарды ашуға арнаған. Ол Италияның сырға толы Флоренция қаласында жұмыс істей бастаған кезде Жер шарында төніп тұрған қауіп туралы біледі. Мұны тоқтату үшін құпия кодты табу керек. Ал код Дантенің әйгілі эпикалық поэмасында жасырылған. Отандық кинотеатрларда 13 қазаннан бастап көрсетіледі.

7

“Джек Ричер: Ешқашан қайтып келме”

Жанры: Боевик
Режиссері: Эдварк Цвик
Рөлдерде: Том Круз, Коби Смолдерс, Роберт Неппер, Элдис Ходж, Даника Ярош, Сью-Линн Ансари
Мемлекеті: АҚШ

Джек Ричер бір кездері өзі қызмет еткен әскерге қайтып оралады. Сол жерде сөзі өтімді әйелді жолықтырады. Алайда екеуі енді тіл табыса бастаған кезде Ричерді тұтқындайды. Оған осыдан 16 жыл бұрын жасаған қылмысына байланысты тағы да айып тағылады. Артынша Ричердің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екені анықталады. Отандық кинотеатрларда 20 қазаннан бастап көрсетіледі.

8

“Джунгли кітабы: Басы”

Жанры: Драма
Режиссері: Энди Серкис
Рөлдерде: Бенедикт Камбербэтч, Кристиан Бэйл, Энди Серкис, Кейт Бланшетт, Наоми Харрис, Джек Рейнор
Мемлекеті: АҚШ

Жолбарыс Шерханнан қатты қорыққан Маугли қасқырлардан кетуге мәжбүр болады. Ол ауылды жерде өмір сүріп жатқан адамдарға барады. Алайда адамдарға бармас бұрын ол Багира мысықпен, Балу аюмен, Каа жыланмен жолығып, түрлі таңғажайыптың куәсі болады. Отандық кинотеатрларда 20 қазаннан бастап көрсетіледі.

9

“Кубо. Самурай туралы аңыз”

Жанры: анимациялық фильм
Режиссері: Трэвис Найт
Рөлдерде: Арт Паркинсон, Шарлиз Терон, Руни Мара, Меттью МакКонахи, Рейф Файнс, Майкл Сунь Ли
Мемлекеті: АҚШ

Кубо – ұлы әулеттің мұрагері. Одан әруақтар кек алмақ болады. Осы сәтте мұрагерді оғаш мінезді екі адам ғана қорғайды. Бұдан өзге Кубо өзін құтқарып қалу үшін әкесінің жасырып кеткен қару-жарақтарын іздеп табуға тырысады. Отандық кинотеатрларда 20 қазаннан бастап көрсетіледі.

10

“Пойыздағы бойжеткен”

Жанры: Триллер
Режиссері: Тейт Тейлор
Рөлдерде: Эмили Блант, Хейли Беннет, Люк Эванс, Ребекка Фергюсон, Лора Припон, Эдгар Рамирес
Мемлекеті: АҚШ

Рэйчел жұмысқа пойызбен барады. Ал пойыз күнделікті бақытты отбасы өмір сүріп жатқан коттедждің жанынан өтеді. Рейчел олардың өмірін күнде пойызда отырып бақылайтын. Алайда бір күні қанды оқиғаның куәсі болып, бейтаныс бойжеткеннің іс-түссіз жоғалып кеткенін біледі. Бастапқыда мұның барлығын пойызда отырып көргендіктен, жаңылған шығармын деп ойлайды. Артынша өз сөзінің рас екеніне көз жеткізеді. Отандық кинотеатрларда 27 қазаннан бастап көрсетіледі.

11

“Құбыжық үні”

Жанры: Фэнтези
Режиссері: Хуан Антонио Байона
Рөлдерде: Лиам Нисон, Фелисити Джонс, Сигурни Уивер, Тоби Кеббелл, Льюис МакДугалл
Мемлекеті: АҚШ, Испания

Фильмде Коннор балақай мен оның түсіндегі құбыжық туралы баяндалады. Коннор қиын жағдайға тап болған сәтте оның терезесінің алдындағы ағашқа жан бітеді. Әлгі құбыжық оған түнде түрлі жігерлендіретін ертегілер айтып береді. Екеуі Коннордың басына түскен қиындықтарды бірге шешіп отырады. Отандық кинотеатрларда 27 қазаннан бастап көрсетіледі.

1464729003_rasplata-2

“Жаза”

Жанры: Драма
Режиссер: Гэвин Коннор
Рөлдерде: Анна Кендрик, Бен Аффлек, Джон Бернтал, Элисон Райт, Джон Литгоу, Джеффри Тэмбор
Мемлекеті: АҚШ

Лента Кристиан Вульф есімді азаматтың тағдырын баяндайды. Ол бос уақытында математика пәнінен сабақ беріп, қылмыстық ұйымдарда аудитор болып жұмыс істейді. Рэй Кингом есімді Қаржы министрлігінің адамы оның соңына түсіп, әр жұмысынан қателік табуға тырысады. Ал Кристиан өз кезегінде шалыс баспаудың амалын жасайды. Отандық кинотеатрларда 27 қазаннан бастап көрсетіледі.

1471970590_maxresdefault

“Құбыжықтар”

Жанры: Анимациялық фильм
Режиссері: Майк Митчелл, Уолт Дорн
Рөлдерде: Анна Кендрик, Джеймс Корден, Джастин Тимберлэйк, Кунал Нэйэр, Гвен Стефани, Расселл Брэнд
Мемлекеті: АҚШ

Құбыжықтар бөгде ғаламшардан Жерге келіп, адамдардың арасында жасырын өмір сүруге тырысады. Олар адамдарды зерттеп, өздері үшін тың жаңалықтар ашады. Фильм Роза құбыжықтың өмірі туралы баяндайды. Ол Цветан есімді жағымсыз кейіпкермен бірігіп, өзінің достарын құтқармақ болады. Ал достарын қаһарлы патша тұтқындап кеткен болатын. Отандық кинотеатрларда 27 қазаннан бастап көрсетіледі.


Жіберіп алмаңыз:

Қыркүйек айында қазақстандық кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдер

Молданазар «Тараз» кинофильмінің саундтрегіне түсірілген бейнебаянын жарыққа шығарды (видео)

«Тараз» кинофильмі халықаралық фестивальде екі бірдей аталымды жеңіп алды (фото)

Ақан Сатаевтың “Анаға апарар жол” фильмінің кинопрокатқа шығатын күні белгілі болды (видео)

Талқылау