Қазақтың атақты байы вокзал құрылысына 10 мыңнан астам қой берген
ХХ ғасырдың басында Қыпшақбай есімді қазақтың атақты байы Қазалыдағы вокзал құрылысына 10 мыңнан астам қойын берген.
Қазалы ауданы тарихи-мәдени мұраларға бай мекен. Олардың қатарындағы ХХ ғасырдың басында салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі теміржол вокзалы. «Сұлутам» аталған бұл ғимарат туралы мұрағат деректерінде «Ташкент-Орынбор теміржол құрылысымен қатар бой көтерген вокзалдың іргесі Ақирек тауынан қашалып, түйе керуенімен тасылған шақпақ тастардан нөмірленіп салынған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланып, төбесі қаңылтырмен жабылған.
«Қазақстан теміржолының тарихы осы вокзалдан басталады десек артық айтпаған болар едік. Вокзал ғимараты биік те сәнді етіп салынған. Сәулетіне қызыққан халық бұны «Сұлу, әдемі үй» деп, кейін «Сұлу там» деп атап кеткен» деген дерек бар. Ал ел арасындағы дәйек оның тарихын Қыпшақбай атты азаматпен байланыстырады. Ол ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген екен. Қыпшақбайдың менің қолымда 1909 жылы патша инженері полковник Богданов сызған Қазалы қаласындағы орталық базардың жоспары бар. Базарды 1909 жылы Қыпшақбай баласы Нұрұлла салғызып, оны өзінің апасы Ажарға төркін сыбағаға берген. Ал, мен ол жоспардың көшірмесін 2002 жылы наурыз айында алдым», – дейді Қадірбек Бекет.
Тарихшының айтуынша, Қазалы қаласында Ғанибай деген байдан кейін басына дәулет біткен ауқаттылардың бірі – осы Қыпшақбай. Оның Ажар, Мәриям деген екі қызы, Нұрұлла, Нұрбай деген екі баласы болған.
«Қыпшақбай жас кезінде Қазалы уезінің көпесі, сонау Англияға дейін сауда-саттық жасаған Ғанибайдың қарамағындағы дүңгіршекте сатушы болған. Ол күніне 85 тиынға дейін сауда жасаған. Кешке қарай қаншаға сауда жасағанын Ғанибай есептеп, қолындағы алтын таяғымен 85 тиынның 80 тиынын өзіне, 5 тиынын Қыпшақбайға ысырып тастап отырған. Мұны көрген інісі Махмутбай: «Ғанибай, сенің Қыпшақбайға ықыласың құлады, түбінде сенің байлығың осы балаға ауады», – дейді екен. Айтқандай-ақ, Қыпшақбай көп ұзамай байып, ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында жүз мыңнан астам төрт түлігі болыпты. Оның Орынбор жәрмеңкесіне бір барғанда отыз мыңдай төрт түлік айдағаны туралы мағлұматтар бар», – дейді тарихшы.
Қадірбек Бекеттің зерттеуінше, Қыпшақбай халқының қамы үшін малын аямаған, елге пайдасы тиген адам. 1903 жылы Қазалы теміржол вокзалын салған кезде оның іргетасы үшін кірпіш тастарды Ақиректен қашатып, сол үшін әрбір тасты әкеліп берген адамға бір қойдан берген. Сонда вокзалдың іргетасын қалау үшін кемінде 10 мыңнан астам адамға қой берген.
«10 мыңнан астам қойды қазіргі заманның пұлымен есептесек, кемі 300 миллион теңгенің құны шығады. Не деген жомарттық?! Осы үшін риза болған құрылыс бастығы Қыпшақбайға вокзалдың атын қою құрметін ұсынған. Сонда Қыпшақбай: «Менің Ажар деген сұлу қызым бар, біз оны Сұлу деп атаймыз. Сондықтан, нысанды «сұлу» деп атаңыздар», – деп ұсыныс айтады. Кейін оған «там» сөзі қосылып, Сұлутам деп аталған екен. Ал қыпшақбайдың Ажар деген қызы 1954 жылы 80 жасында қайтыс болады», – дейді Қадірбек Бекет.
Бүгінде жергілікті тұрғындар ғасырдан астам тарихы бар ғимаратымен мақтанады.
«Шыны керек, сәулеті сұлу ғой, көркіне көз сүйсінеді. Менің қазір жасым жетпіске жуықтады. Ес білгелі бұл вокзалды білемін. Біздің әке-шешеміз де, ата-әжеміз де осы вокзалды көрген, осы жерден талай сапарға шыққан. Сондықтан бізге бұл ғимарат ыстық. Аудан халқын асыраған да осы теміржол, осы вокзал. Кезінде мұнда ауылдардан қауын-қарбыз әкеліп, Ресейге, Қазақстанның түкпір-түкпіріне вагонға тиеп жіберіп жататын еді. Оның үстіне, Қазалы стансасының теміржолшылар мекеніне айналуына да «Сұлутам» себеп болды деп ойлаймыз», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Кемал Көпжасар.
Тағы да оқыңыз:
Ақтөбелік келіншек өзін ұрлап кетіп сотталып жатқан адамды жақсы көріп қалды
Балқашта зорланған қыздың құрбысы осы іске қатысы бар деп айыпталып жатыр
Медициналық сақтандыру қызметін алу үшін бір ауруханаға тіркелу керек