Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың ұлттық киімдері қанша тұрады және оларды не үшін киген

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық киімге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Әсіресе той-думан, қыз ұзату, фотосессияларда қазақы стиль жиі таңдалады. Осы орайда мұндай киімдердің бағасы көпшілікке қолжетімді ме, деген сауал туындайды. Stan.kz қазақы киімдердің бағасын анықтап, этнограф маманнан олардың мән-мағынасын сұрап көрді.

Қазақстанда ұлттық киімнің бағасы орта есеппен 15 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өзгереді. Қарапайым үлгілердің бағасы қолжетімді болса, дизайнерлік және қолмен тігілген киімдер әлдеқайда қымбат.

Қазақстанда ұлттық киім бағасы қанша?

Интернет дүкендерде жастарға арналған ұлттық киімдер бағасы орта есеппен 20–60 мың теңге аралығында. Ал дизайнерлік ұлттық киімдер 50–150 мың теңге шамасында.

Ерлерге арналған заманауи шапандар 30 000–100 000 теңге аралығында сатылады. 

Дүкендерде оюлы, классикалық ұлттық киімдер бағасы шамамен 30–80 мың теңге аралығында.

Масс-маркет дүкендерде ұлттық киімдер 15 000 – 40 000 теңге шамасында ұсынылады.

Сауда үйлерінде қолдан тігілген ұлттық киімдер мен жинақтар 40–120 мың теңге шамасында.

Қамзолдар мен көйлек жинақтарының бағасы 12–40 мың теңге аралығында. Бұл қолжетімді, күнделікті киюге арналған сегмент.

Кішігірім дүкендерде түрлі ұлттық брендтердің киімі ұсынылады. Мұнда бағалар шамамен 20–80 мың теңге аралығында.

Ал дизайнерлік брендтерде барқыт қамзолдар мен ерекше үлгідегі киімдер 80 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеден асады.

“Киім бағасы, оның тігу тәсіліне байланысты”

Осылайша, Қазақстанда ұлттық киім нарығы қолжетімді сегменттен бастап, премиум және жоғары санат деңгейіне дейін кең диапазонда қалыптасқан.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы қазақтың ұлттық киімдерінің бағасына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазақы киімдердің бағасы әртүрлі болуы тігу тәсіліне байланысты. 

“Бір жерде арзан болады, өйткені дайын матадан, жеңіл тәсілмен тігіледі. Машинамен тігілген киімдер орташа бағада. Ал қолмен тігілген киімдер қымбат. Өйткені оған көп уақыт, еңбек кетеді. Мысалы, мен бір шапанды 3–4 күнде тігемін. Ал кейбірі оны бір күнде тіге салады. Сондықтан баға айырмашылығы осыдан шығады. Қолөнер әрқашан қымбат. Өйткені ол шебердің еңбегі”, – деді этнограф.

Сонымен қатар этнограф ұлттық киімді біздің тілсіз тарихымыз деп атап, ол ұрпақтан ұрпаққа жету керегін айтты. 

Фото: e-history.kz

“Ұлттық киім тұрмыстық қажеттіліктен туды”

Бұлбұл Кәпқызы қазақ әйелдерінің киетін киімінің түрлері өте көп екенін айтты. 

“Ең бірінші көйлектен бастаймыз. Одан кейін камзол, кәжекей, мешпет, шапан. Шапанның өзінің қаншама түрі бар. Жағасына, өңіріне қарай әртүрлі болады. Мысалы, құндыз жағалы, кілт жағалы, жадағай сияқты түрлері бар. Одан кейін ішік. Ішік деген малдың немесе аңның терісінен жасалатын киім. Әсіресе жаңа туған малдың елтірісінен, жұмсақ теріден жасалады. Оның сыртына мата қапталып тігіледі. Ал кейбірінде керісінше, теріні илеп, сыртқа қаратып, ішіне жүнін қаратып киген”, – дейді этнограф. 

Этнограф бас киімдердің де түр-түрі бар дейді.

“Қазақта бас киім әйелдерге және ер адамдарға бөлінеді. Әйелдердің бас киімдеріне: кепеш, сораба, қасаба, сәукеле, қарқара сияқты түрлер жатады. Ал ер адамдарда: тымақтың бірнеше түрі бар, түлкі тымақ, кеңсең тымақ сынды. Сонымен қатар бөрік, айыр қалпақ, тақия бар. Тымақтың өзі төбесінің құрылысына қарай “төрт сай”, “алты сай” деп бөлінеді. Бұл өңірлік ерекшелікке байланысты”, – деді этнограф. 

Сонымен қатар Бұлбұл Кәпқызы қазір ұлттық киімдердің атауын, екшеліктерін күрделендіріп жібердік дейді. 

“Кей өңірде бір киімді әртүрлі атайды. Мысалы, бір жерде “бешпет” десе, басқа жерде “камзол” дейді. Камзол мешпеттен сәл ұзындау, көбіне жеңсіз немесе қысқа жеңді болады. Сонымен қатар кей киімдер белгілі бір әрекетке ыңғайланып тігілген. Мысалы, аңшылыққа, бүркіт ұстауға арналған тондар болған. Ол биялай киюге, атқа мінуге ыңғайлы. Әйелдерде де жұмысқа ыңғайлы киімдер бар. Мысалы, белдемше. Оны көбіне босанған әйелдер киген. Бұл киім денені тартып ұстайды, суық өткізбейді деп сенген. Сонымен қатар атқа мінуге, сауынға ыңғайлы болған”, – дейді этнограф. 

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, қазақта киген киіміне байланысты адамдардың беделін анықтаған. 

“Бұрын киімге қарап адамның жасын, әлеуметтік деңгейін, қай өңірден екенін анықтауға болған. Мысалы, кимешекке қарап әйелдің жасы мен мәртебесін білген. Ал шекпенді көбіне жасы үлкен, беделді азаматтар киген. Шекпеннің де бірнеше түрі бар: биязы шекпен, мамық шекпен. Мамық шекпен ақ түйенің жүнінен тоқылған. Оны тек таңдаулы, лауазымды адамдар киген. “Шекпенділер” деп айтатын сөздің шығу төркіні де осы. Кей киімдерді ауыз әдебиеті арқылы білеміз. Мысалы, қасаба – қалыңдықтың бас киімі. Оны қыздар кимеген, тек тұрмысқа шыққан әйелдер киген. Сәукелені де қалыңдық киеді. Ер адамдарда “мұрақ” деген бас киім болған оны хандар, билер, байлар киген”, – дейді этнограф. 

Бұлбұл Кәпқызы қазір көпшілік арасында кеңінен танылған “тақияға” да тоқталып өтті. 

“Мысалы, “сораба” деген қыздардың бас киімі болған. Қазір оны көбіне “тақия” деп атап жүрміз. Негізінде тақия ер адамдардың бас киімі. Бірақ сыртқы ұқсастығына байланысты бәрін тақия деп кеткенбіз. Сонымен қатар бізге бауырлас халықтардан да ортақ элементтер келген. Мысалы, татар, өзбек, қырғыз халықтарымен араласудың әсері бар. Кимешек соның бір мысалы. Қырғыздар оны “элечек” дейді, бірақ олар оны басқа түрде киеді”, – деді этнограф. 

Этнограф қазақ халқында ою-өрнектің алатын орнын да атап өтті.

“Қазақ киімі біздің ұлттық кодымыз. Әсіресе ою-өрнек соның ажырамас бөлігі. Оюлар тек киімде емес, тұрмыстың барлық саласында қолданылған: текеметте, сырмақта, кілемде, киіз үйде, әшекейлерде. Бірақ қазір кей адамдар оюларға артық мағына жүктеп жүр. Мысалы, “мынау жесірдің оюы”, “мынау жетімнің оюы” деп айтып жатады. Бұл қате түсінік. Қазақ ешқашан жесірін кемсітпеген, жетімін жылатпаған. Сондықтан ондай бөлулер дұрыс емес. Сонымен қатар өңірлік ерекшеліктер де бар. Шығыс Қазақстанда көбіне аңға байланысты оюлар қолданылған, қошқар мүйіз, түйе табан сияқты. Ал оңтүстікте өсімдік тектес, гүлді өрнектер көп. Батыста көрші халықтардың әсері байқалады. Қазір өңірге, руға бөлінбей, бәрін “қазақтың киімі” деп біртұтас қарауымыз керек деп ойлаймын”, – дейді этнограф. 

Этнограф бүгінде еліміз ұлттық киімді қайта жаңғыртып жатқанын айтты. Бұл ұлттық құндылықты мәңгі сақтауға жол ашады дейді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 15:00