Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың Рапунцелі: Оралдық ару шашының ұзындығын 160 см-ге дейін өсірген

Фото: Венера Тлеукенованың жеке архивінен

35 жастағы Венера Тлеукенова адвокат болып жұмыс істейді. Ол бала күнінен бастап шашын өсіріп келеді. Қазір оның шашының ұзындығы 160 сантиметрге жеткен. Венера үшін бұл ең мінсіз ұзындық. Ол тек ұштарын сәл қиып тұрады, ал жалпы ұзындығын сақтап келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город порталына сілтеме жасап хабарлайды.

2007 жылы Венера Алматыда өткен "Қолаң шаш" байқауына қатысып, арнайы диплом иеленген.

"Кейбіреулер мені Гиннес рекордтар кітабына еніп, танымал болғысы келеді деп ойлайды. Бірақ жай ғана ұзын шашты ұнатамын. Анамның да шашы ұзын еді. Көп адам бұл генетика дейді, бірақ меніңше, күтім де маңызды. Мысалы, мен үшін шашқа күтім жасау тіс тазалаумен бірдей, бұл қарапайым нәрсе", – деді Венера Тлеукенова.

Күнделікті өмірде ол шашын "дөңгелек" етіп жинап алады, сондықтан айналасындағылар оның нағыз қазақ Рапунцелі екенін білмей де қалады. Ал егер шашын өріп шықса, бар назар соған ауады. Әдетте шашын салтанатты кештерде, іс-шараларда ғана өріп барады.

"Көшеде жиі тоқтатып, бірге суретке түсейік дейді. Бірде 9 мамырда жасөспірімдер келіп, фотоға түсуді сұрады. Келіскен едім, олар бір кезде аталарын әкеліп тұр. Сөйтсем, ол кісі менімен бірге суретке түсуді қалаған екен. Әңгіме барысында ол кісі көзіне жас алып, "ұзын шашты қыздарды көргеніме қуаныштымын, біз бекер соғыспаппыз" деді. Бұл сөз мені қатты толқытты. Бірақ қызық жайттар да болып тұрады. Бірде шашымды жуып, кептіріп жатқанда басымды сілкіп қалып, шашыммен шамға ілініп қалдым. Жалғыз өзім босата алмадым, үйде ешкім болмаған соң әпкем келгенше күтуге тура келді. Кейде шашым есік тұтқасына да ілініп қалады", – деп күледі Венера.

Айта кетейік, Венера шашын әр екі күн сайын жуады. Бұл оған әдеттегі іс, ешкімнің көмегін қажет етпейді. Жалпы процедураға 25-30 минут уақыт кетсе, шашты кептіруге жарты күн керек. Венера фен қолданғанды ұнатпайды. Шаш күтіміне ерекше мән береді. Бұрын Германиядан арнайы өнімдер алдырса, қазір Алматыдағы зауыт оған арнайы тапсырыспен сусабын, маска, май мен бальзам дайындайды. Құрамын өзі жасап шығарған.

"Әуелі, май жағып, оның сіңуін күтемін. Кейін сусабынмен жуып, маска жағамын. Сосын сарысу мен бальзам қолданамын. Бір тюбик сусабын маған 2-3 ретке ғана жетеді. Айтпақшы, тапсырыспен алатын сусабынды қазір құрбыларым мен туыстарым да пайдаланады. Бұрын шашым түсетін, кейін өзімді қолға алып, күтімді мұқият жүргізе бастадым. Қазір бәрі жақсы", – дейді Венера.

Айтуынша, оның шашын сатып алғысы келетіндер көп. Түрлі шаш жалғайтын сұлулық салондарынан үнемі ұсыныстар түсіп тұрады. Алайда Венера әзірге шашымен қоштасуға дайын емес.

Венераның анасы Орынша Іңірбаеваның да шашы ұзын әрі қалың. Алайда анасы ешқашан қызын шаш өсіруге мәжбүрлемеген.

"Маңғыстау облысынанмын, бізде шашы ұзындар көп. 1970 жылдары Ауыл шаруашылығы институтында оқуға түстім, 1-курста барлық қыз шашын қысқартып тастады. Мен де солай еткім келді, бірақ ағам рұқсат бермеді. Содан бері шашымды қимай келемін. Ол кезде мен екі өрім етіп, маңдай шашсыз, қарапайым ғана жүретінмін. Анам да өмірінің соңына дейін шашын қимай өтті. Әпкелерім де, келіндеріміз де шаштарын қысқартқан емес. Біз оқыған кезде қысқа шаш сәнді болатын. Мен де қыздарға қызығатынмын, бірақ қимай қойдым. Қазір жастар да шаш өсіре бастады. Бұл өте әдемі. Бірақ олар шаштарын жайып жүреді, бұл автобустағыларға кедергі. Қазақта шашты жайып жүру жаман ырым. Шашты өсіріңіздер, бірақ жаймаңыздар", – дейді Орынша Іңірбаева.

Венера болашақта қызына шашын қысқартуға тыйым салмайтынын, таңдау еркіндігін өзіне беретінін айтты.


Ақтаулық спортшы Ильдар Ягьяевтың есімі Гиннес рекордтар кітабына енді


Жанар Айжанова күйеубаласының шашын өз қолымен алып тастады


Еске салайық, бұған дейін Сергей Цырульников Миланда үш рекорд орнатып, Қазақстан атын әлемге танытты. Барлық нәтижелер Guinness World Records ұйымының ресми өкілдерімен тіркелді. Бірінші рекордта ол 22×8 мм көлеміндегі 14 металл тағаны небәрі 57 секунд ішінде бүктеп шықты. Бұған дейін бұл рекорд Литва спортшысына тиесілі болған. Екінші рекорд бойынша Сергей бір минуттың ішінде 9 резеңке жылытқышты тыныс күшімен жарып үлгерді. Бұл көрсеткіш бұрын АҚШ-та орнатылған болатын. Үшінші рекордта ол бір минутта 19 шегені шойын табаға жалаң қолмен қағып кіргізді. Осылайша ол француз спортшысының бұрынғы рекордын жаңартты.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 13:56
Талқылау
`