Қазақтың қыз-келіншектері омырауын үлкейтуге неге құмар және құны қанша? Маман жауап берді
Тәуелсіздік алғалы елімізде пластикалық ота нарқы қарқынды дамып, жыл сайын хирургтың көмегіне жүгінетіндер көбеюде. Кез-келген адам жасына, қызметіне, жынысына қарамастан сұлу болып қалғысы келеді. Қазақ келіншектерінің арасында әсіресе омырауын үлкейткісі келетіндер өте көп көрінеді. Мұндай отаны өткізу құны, қауіпсіздігі және жүгінетін қыз-келіншектер туралы Stan.kz тілшісі алматылық танымал пластикалық хирург Айна Досанмен әңгімелескен еді.

Айна Досан төсін үлкейтуге көбіне бала туған әйелдер келетінін айтады. Сондай-ақ, жас қыздар да жоқ емес. Олар омырауының кішкентайлығынан ұялғандықтан келуге мәжбүр екен.
«Төсін үлкейтуге маған көбіне бала туған әйелдер келеді. 3-4 баладан кейін сүт безінің формасы кішірейеді. Ол өзгергенде төс салбырап қалады. Одан кейін әйел, әрине, төсінің бұрынғыдай болғанын қалайды. Енді бала тумаймын, бала емізіп қажет емес деген әйелдер келеді. Ол кезде артық теріні алып тастаймыз. Яғни, кішірейтетін жағдайда кішірейтеміз. Бала емізгеннен кейін омырау солып қалады да көлемі кішірейіп қалады. Ол кезде іші бос боп қалады. Сол ішкі қуысты имплант салып толтырып береміз», - дейді дәрігер.
Омырауын үлкейткеннен кейін қыз-келіншектерде өзіне деген сенімділік басым болады екен.
«Мұндай отадан кейін науқас өзін сенімді ұстай бастайды. Көп қыздар кішкентай омырауынан қысылады. «Поролон киемін, ішіне мақта толтырып қоямын» деп айтады. Төсек қатынасы кезінде төсі кішкентай болғаны үшін де әйелдер күйеуінен ұялып жатады. Кейде жаңа туған көп әйелдер бір жағымен ғана емізеді. Мұндай кезде бір жағы көбірек салбырап, ал екінші жағы кіші болып қалады. Яғни, екі түрлі болып тұрады. Ондай жағдайда екі төстің де көлемін бірдей етіп жасаймыз. Отадан кейін киім кигенде төсі домаланып әдемі болып тұрады. Бұл отаның жақсы жағы осы», - дейді дәрігер.
Дегенмен, хирург әр отаның өзіндік қаупі барын айтады. Төс үлкейткеннен кейін аса мұқият күтім керек. Жаңа омырауды біраз уақыт қозғалтпай ұстап тұратын арнайы іш киім киюге тура келеді екен.
«Кез-келген ота - ол тәуекелге бару. Кез-келген отада дәрігер сізге 100% кепілдік бере алмайды. Отаның жері қанауы мүмкін, кейде тіпті іріңдеп те кетіп жатады. Жүз адамның біреуінде қауіп шығуы мүмкін. Көп жағдайда имплант қозғалып кетеді. Оның орнын қайта өзгертеді. Имплант ағзаға сай келмейтін жағдайлар да бар. Бірақ бұл өте сирек кездеседі. Ағза кері реакция беруі мүмкін. Содан асқынулар пайда болады. Осының барлығын біз алдымызға келген науқастарға түсіндіріп айтамыз. Бір ай бойы компрессті іш киім киіп жүреді. Спортпен шұғылданып, физикалық ауыртпалықтар түсіруге болмайды. Отаның бірден-бір минусы осы. Бірақ бұл төс үлкейту отасының минусына қарағанда плюстері көбірек», - дейді Айна ханым.
Төс үлкейтудің бағасы әртүрлі. Бірі тіпті арзан бағаға да жасап беруі мүмкін. Алайда, өмір бойы имплантпен жүретіндіктен дұрыс дәрігерге жасатқан дұрыс екен.
«Негізі баға әртүрлі. Мысалы, төсті әйелдің денесіндегі өз майын сорып, сонымен үлкейту бар. Оның бағасы аса қымбат емес. Ал имплантпен үлкейтетін ота 1 миллионнан басталады. Өйткені сіз өмір бойы сол имплантпен жүресіз. Ол өте сапалы болуы керек. Ал сапалы дүние қымбат тұрады. Силиконмен үлкейтемін десеңіз, бір миллионнан жоғары», – дейді маман.
Айна ханымға бармаған әншілер аз шығар. Өйткені білікті маман болғандықтан көпшілігі жүгініп жатады екен. Кейбірі көзін үлкейтіп жатса, енді бірі бетін тарттырып, кеңесін алады. Маман әншілермен жұмыс жасау ләззат сыйлайды дейді.
«Біз әншіге де, науқасқа да бір ота жасаймыз. Олар да адам. Менің алдыма олар әнші емес, науқас ретінде келеді. Әншілер өнер иесі болғандықтан олармен жұмыс істеуден ләззат аламын. Кейбіреулер «Жұлдыздар да мұрындарын көтере ма?» деп сұрайды. Әрине жасатады. Олар да сіз сияқты, мен сияқты адам. Әр адам өзінше бір сұлу. Кейде ота жасатуға келген қыздарды орта жолдан қайтарамын. Өйткені оған ешқандай отаның қажеті жоқ екенін айтамын. Көп науқастар еуропалық түрді қалайды. Бірақ ол қанша еуропалық түрді қаласа да, біздің қазақтардың сүйек құрылысы, бет-әлпеті оған сай келмейді. Оның көзін, мұрнын барлығын өзгерте аламыз. Десек те отадан кейін науқасқа әдемі боласың деп сөз бере алмаймын», - дейді Айна ханым.
Дайындаған Анар ДӘУКЕН