"Қазақтың келіні болғанымды мақтан етемін": Жамбылдық дүнген қызы қазақтың дәстүрін дәріптеп жүр
Жамбылдық дүнген қызы Роза Юнусова қазақтың салт-дәстүрін бес саусағындай біледі. Қазақтың келіні атанғанына сегіз жылдан асқан ол қазақ отбасына қалай сіңіп кеткендігі туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Роза Хадамқызы қазақ тілін айналасындағы достарынан үйренген ол бүгінде қазақ отбасының түтінін түтетіп отыр. Жолдасы Бақыт Сүттібеков екеуі бүгінде бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр.
«Қазақ отбасына келін болғанымды мақтан етемін. Үш жыл бойы ата-енемізбен бір шаңырақ астында тұрдық. Енем – өте мейірімді кісі. Білмегенімді байыппен үйретті. Ене мектебінен өтіп, көп дүниені үйрендім. Қазақ отбасына тез-ақ сіңісіп кеттім. Бұған қазақ халқының даладай дархан пейілі мен бауырмалдық қасиеттері әсер етті деген ойдамын», – дейді Роза Юнусова.
Қазақстандай бейбітшілік пен тұрақтылықты басты мұраты еткен байтақ елде өмір сүріп жатқанына шексіз риза екенін айтады біздің кейіпкеріміз.
«Қазақстан – қаншама ұлт пен ұлысқа құшағын ашқан мекен. Тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт бақытты деп ойлаймын. Мызығымас бірліктің арқауы болып келе жатқан Қазақстан Халқы Ассамблеясы өзінің жүйелі жұмысын жалғастыра беретініне кәміл сенімдімін», – дейді ол.
Роза Юнусова Қазақстан Халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Текті келін – 2022» атты келіндер сайысына қатысып, жүлделі 3-ші орынды иеленіпті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі және жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту мақсатында өткізілген іс-шарада ол өзінің шеберлігін көрсетіп, топты жарып шығыпты.

«Келіндер арасында өткен сайыста қазақтың келіні атанған қаншама ұлттың өкілдері өз өнерін ортаға салды. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Мен бұл сайыста қазақ тілінде ән шырқадым. Сонымен қатар қамыр жайып, қазы айналдырып, жент жасап қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледім. Сондай-ақ, салт-дәстүрге қатысты қойылған сұрақтарға да мүдірмей жауап бердім. Өнерім әділқазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Осындай тәлім-тәрбиесі мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – дейді аймақтағы дүнген этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Роза Хадамқызы.
Қазіргі таңда Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданы Валерий Чкалов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Роза қазақ, орыс, дүнген, ағылшын, қытай тілдерін жетік біледі.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза-Әли атамыз айтпақшы, Отанымыз – Қазақстан болғандықтан, қазақ тілі де өз тіліме айналды. Қазақ отбасының отанасы болғандықтан, үйде де, түзде де қазақ тілінде сөйлеймін. Балаларым да қазақ тілінде білім алады. Олар Қазақстанның болашағы үшін еңбек ететін отансүйгіш ұрпақ боларына сенемін», - деп өзінің мемлекеттік тілге құрметінің зор екенін көрсетті.
Сондай-ақ Роза Юнусова қазақтың әрбір салт-дәстүрінде үлкен мән-мағына жатқанын айтады.
«Өміріміз қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр деп білемін. Алғаш рет келін болып, ақ босаға аттаған сәттен бастап, қазақтың салт-дәстүрімен етене таныса бастадым. Беташар рәсімінен басталған салтымыз бүгінде дүниеге келген балаларымызға шілдехана жасау, бесікке салу, тұсау кесу сынды жөн-жоралғылармен жалғасын тауып келеді. Бұйыртса, ұлымызға сүндет той жасауға ниеттеніп отырмыз. Меніңше, қазақтың салт-дәстүрі адам өмірінің барлық кезеңін түгелдей қамтуымен ерекшеленеді. Әрі дүнген ұлтының жөн-жоралғыларына ұқсас тұстары бар», – дейді ол.
Қазақ отбасының келіні Роза Хадамқызының сөзінше, қазақтың әрбір мерекесі ағайын-туыстың бірлігі мен ынтымағын жарастырып, татулыққа үндейді.
«Елімізде аталып өтілетін әрбір мерекені ерекше қарсы аламыз. Оның ішінде айтулы мейрам – Ұлыстың ұлы күні Наурыздың жөні бөлек. Осынау ұлттық мейрам қарсаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, табиғат ана да жасарып жандана түседі. Көктемнің жаймашуақ күнінде ерекше көңіл-күй сыйлайтын осынау мерекені отбасымызбен асыға күтеміз. Айтулы мереке – жеті түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көжесімен ерекшеленеді. Осы бір ұлттық тағамды да мен жыл сайын ерекше дайындықпен әзірлеймін. Отбасымыздың ғана емес, әулетіміздің мүшелері,барша-ағайын-туыс бас қосып, дәм татамыз. Осы күні негізгі дәмнің бірінен саналатын бауырсақ та дастарханымыздың төрінен табылады», - дейді Роза.
Мереке күндері ғана емес, күн сайын ұлттық тағамды ерекше ыждахаттылықпен әзірлейтін Роза Хамдамқызының аспаз ретінде де бармағынан бал тамады десек артық емес. Әсіресе қазақтың ұлттық тағамы – етті жиі-жиі дайындауды үрдіске айналдырған.
Иіліп сәлем салып, үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен қарайтын қазақтың ибалы келіндерінің қатарын толықтырған дүнген қызының әрбір ісі жүрегімізді жылытып сала берді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалы жанынан құрылған Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Роза Юнусова ұйымның өткізетін әрбір іс-шараларының басы-қасынан табылады. Бүгінгі инабатты келін Розаның ертеңгі ақ баталы, ақжаулықты әжелердің ізін басарына күмән жоқ.
Дайындаған Гүлмира Садық
"Адамды қалай өлтіруге болады деп ашық іздеген": Яна Легкодимованың өлімі бойынша тергеуші істі қалай ашқанын баяндап берді