Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Университет жедел жәрдем шақырудан бас тартқан": 17 жастағы қазақстандық студент Малайзияда көз жұмды

Куала-Лумпурда Қытайдың Xiamen университетінің 17 жастағы студенті, қазақстандық Нұрай Қадір пневмониядан қайтыс болды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Нұрайдың Малайзия ауруханасында қайтыс болуына қатысты тергеу басталғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Әлеуметтік желіде тараған видеодан скрин

Қазақстандық Нұрай Қадір Куала-Лумпур маңындағы Сепанг қаласындағы Қытайдың Xiamen университетінде білім алған. 21 желтоқсанда ол анасына хабарласып, ыстығы көтеріліп, ауырып жатқанын айтқан. Желтоқсан айының соңында Нұрайдың анасына 17 жастағы қызының пневмониядан қайтыс болғаны туралы суық хабар жеткен. 

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері аурухана басшылығымен үнемі байланыста екенін мәлімдеді. 

“Ауруханада отандасымыздың өліміне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы марқұмның анасына беріледі. Марқұмның туыстарына мәйітті тасымалдауға көмек берілді. Елшілік қызметкерлері Нұрайдың оқыған университетімен байланыста”, – деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.

Нұрайдың анасының айтуынша, медицина қызметкерлері қызына дер кезінде көмек көрсетпеген. Ол қызының өліміне аурухана дәрігерлері кінәлі деп отыр. Ол пульмонологты шақырмай, компьютерлік томография мен талдау жасамады деп айыптайды. Қоңырау Рождество мерекесінде түскен. Ал дәрігерлер жұмыс істегісі келмеген дейді. Ол кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді.

Сондай-ақ ол қызының өліміне не себеп болғанын анықтап, кінәлілерді табу үшін қызының сыныптастарына хабарласқан. Марқұмның таныстары университет өкілдерінің өздерін қорқытып жатқанын айтқан.

“Нұрай ауырып, әлі кетіп жүргенін білім беру мекемесінің әкімшілігіне айтқан. Алайда олар жедел жәрдем шақырып, емдеу мекемесіне баруға еш негіз жоқ екенін жеткізген. Емханаға жолдаманы тек 3 күннен кейін берді. Ал медицина қызметкерлері келгенде бәрі кеш болды”, – дейді Нұрайдың таныстары.

Олар білім мекемесінің басшылығы өз кінәсін жасыруға тырысып жатыр деп санайды. 

Осылайша Нұрай жекеменшік емханалардың бірінде көз жұмды. Болған жағдайда барынша назар аудартуға тырысып жатқан студенттерді университет өкілдері “жала жабу” ісі бойынша сотқа береміз деп қорқытқан. 

“Университет басшылығының сонда оқып жатқан қазақтарға келгенде теріс көзқараста екенін байқадық. Қазір Қазақстанның үш азаматы ауруханада жатыр. Бірақ олардың жағдайы университет басшылығын еш алаңдатпайды”, – дейді студенттер.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанның 63 студенті Малайзиядағы Елшілігінің консулдық есебінде тіркелген. Сондай-ақ ондағы тіркеу ерікті түрде жүреді және ешқандай міндеттемелерді меңземейді дейді ведомстводағылар.

Талқылау