"Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды": Желіде ақын Танакөз Толқынқызының жазбасы қызу талқыға түсті

Желіде ақын Танакөз Толқынқызының қазақ қоғамы жайлы жазбасы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақын Facebook парақшасында жазба жариялап, “Қазақ тәуелсіздігін сақтап қала алмайды” деген пікір айтқан. Оның сөзінше, халықтың сапасы төмендеп, принципсіз, надан ұлт қалыптасқан.
“Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт. Өз тілінде сөйлемейді. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес. Ешкім ешкімге араша түспейді”, – деп жазды ол.
Ол бүгінде елде тасбауыр, бір-біріне қайырымсыз қоғам қалыптасқанын алға тартты. Олар өзін-өзі тонап, өз тамырынан ажыраған тобырға ұқсайды.
“Қорқақ, можантопай, дарақы, мақтаншақ. Критикалық ойлау санасы қалыптаспаған. Бейғам. Жайбарақат. Басына кім көрінген аяғын сүртіп кете береді. Әлсіз, қауқарсыз, дәрменсіз. Халық емес құл-құтандар легі ме дерсің. Бір-біріне қайырымсыз. Тасбауыр. Бір-бірін иттің етінен жек көреді. Өзін-өзі тонаған, өзін-өзі тоздырған, өз тамырынан ажыраған тобыр. Ұры ұлт. Бұл қасиет – қазіргі біздің басты қасиетіміз”, – деп жазды ол.
Ақынның сөзінше, қазақта құндылық жоқ. Салдарынан кез келгені қай жерден нені жымқырып, жеп қалсақ екен деп ойлап тұрады.
“Жеу үшін жаратылғанбыз. Қай жерден нені жымқырып жеп қалсақ екен деп ойлап тұрамыз. Құндылық жоқ. Ар құдай болған заман келмеске кетті. Қарны тойса болды, бәрін сатады. Адам емес құлқын ғана көремін”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ Танакөз Толқынқызы елдегі тіл мәселесіне де тоқталды. Ол принципі жоқ ұлттың жерін де, тілін де, туын да, тәуелсіздігін де ақшаға сату оңай екенін айтты.
“Мына сөзге талағың тарс айрылса да айтайын. Сендер ертең шүршіттің тілінде сөйлеп жоқ боласыңдар. Астананы басып алған қара құмырсқалар бұл елді енді өлсе де тастап өз отанына қайтпайды. Келген жерін отан қылады. Олар қатты сөйлейді, дарақы күледі, келмей жатып осы жердің қожайыны сезінеді. Себебі принципі жоқ ұлттың жерін де, тілін де, туын да, тәуелсіздігін де ақшаға сатып жіберетінін біледі. Сендер енді өзгермейсіңдер! Осы кеткендерің кеткен!” – деп тәмамдады ол.
Бұл жазба желі қолданушыларының арасында екіұдай пікір қалыптастырды.
Мәселен журналист Серік Жаңқабай ақынды осы жазбасы үшін жазаға тарту керек деп санайды.
“Мен Бас прокуратура мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен Танакөз Толқынқызын тез арада елге әкеліп, заң бойынша шара қолдануын талап етемін!” – деп жазды ол парақшасында.
Ал журналист Ерқанат Көпжасарұлы ақынның пікірмен келіспейтінін жеткізіп, халыққа тіл тигізбеуге шақырды.
“Адам болған соң, адамда әртүрлі мінез болады. Ұлт болған соң, ұлтта да әртүрлі мінез болады. Сіз жазған дүние барлық ұлтта бар мінез. Бірақ бүтін халыққа тіл тигізетіндей сім кімсіз, Танакөз ханым? Сіз кімсіз және сізге мұндай құқықты кім берді? Сіз қай ұлт, қай қазақ туралы айтып жатырсыз? Халыққа тіл тигізбе!” – деді ол.
Ал өзін заңгер ретінде таныстырған Нұрсұлтан Орынбеков парақшасында Танакөз Толқынқызына арнап жазба жариялады. Ол жазбасында заң аясында сотқа жүгінгенін мәлімдеді.
Заңгердің сөзінше, тұтас бір ұлтты төмен деңгейде бағалап, қаралауға ешкімге жол берілмеуі керек. Бұл – сөз бостандығы емес, бұл – ұлттың ар-намысына тиетін жауапсыз сөз.
“Ұлтқа жаны ашығансып, өзін ақынмын деп таныстырып, тұтас бір ұлтты өзінің тар санасы мен тар пейілі жеткен деңгейде бағалап, қаралауға ешкімге жол берілмеуі керек. Мұндай псевдоұлтшылдардың қазаққа жаны ашиды деу қиын. Керісінше, олар қоғамға іріткі салып, елдің бірлігін әлсіретеді. Сол Танакөз өз ұлтының сапасын көтеру үшін қандай еңбек сіңірді? Ұлтқа қандай нақты қызметі өтті? Шынын айтсам, бұған дейін оның атын да естіп, танып-білген емеспін”, – деп жазды ол.
Танакөз Толқынқызының ойымен келіскендер де баршылық. Желі қолданушылары ақынды қолдап, түрлі жазда қалдырып жатыр.
“Танакөз бүгінгі күннің батыр қызы. Сан еркектер айта алмай жүргенді айтты. Шындықты жазды. Сөздері ұлты үшін жаны ауырғаннан айтылған жанайқай екені көрініп тұр”, – деп жазды Сабыржан Байбосынов есімді қолданушы.
Ал Дастан Әбдірахманұлы есімді қолданушы Танакөз Толқынқызын жақтап шықты.
“Танакөз ханымның мына ащы да ақиқатты сөздері түп негізінде ұлтты қорлау үшін емес, селт еткізу, ояту, қамшылау үшін айтылған. Бұл қазақ әдебиетінде бар дүние, Абайдың да өз заманында қазақтарды қатты сынаған. Әрине, жаман болсын деп емес, көзін ашсын, оянсын, өзін сырттан көрсін деген. Танкөздің мына сөздерінен кейбір қазақтың санасы тіріліп емес, сасық намыстары оянып сотқа бермекші. Олай болса көрде жатқан Абайды да беріңдер сотқа, қазақты оята алмай кеткен Міржақыпты беріңдер сотқа. Әйдік болсаңдар қазақтың құндылығына, тіліне тіл тигізгендерді неге сотқа бермейсіңдер, сасық намыстарың сол кезде неге оянбай қалады. Бір сөзбен Танакөзден қолдарыңды тартыңдар!” – деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы ақынның тек шындықты айтқанын алға тартты.
“Қалай десек те, Танакөз ұйықтап кеткен сананы селт еткізді. Ол бәрін қазағына арнап айтты және шындықтың бетін тіліп айтты. Өздерің ойланыңдар жігіттер. Осыдан соң құр атақ пен құлқынды ойлай бермей, елді де ойлаңдар. Біз әсілі Тәуелсіздік үшін құрбан болатын адамдар едік. Ал бүгін сол тәуелсіздік басымызда тұр. Енді тым болмаса оны баянды ету жолында арымызбен атсалысайық. Ертең ұрпаққа қандай Қазақстан қалдырамыз? Біз оның шынайы тәуелсіздігі мен еркіндігі, дамуы үшін не істедік? Бабалар аманатының алдында арымыз таза ма?” – деп жазды ол.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан