Қазақстанның шұрық-тесік жолдары күллі әлемге танымал болды
Шұрық-тесік жолдары Қазақстанды тізімнің соңына сырғытты. Бүкіләлемдік экономикалық форумының бәсекеге қабілетті елдер арасында жүргізген зерттеуіне сәйкес, еліміз жолдардың сапасы жөнінен 115-орынға әзер ілінген, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сапасы сын көтермейтін жолдары бар Ресей әупірімдеп жүріп Қазақстанан бір саты жоғары орналасқан. Ал, Біріккен Араб әмірлігі тақтайдай жолдарымен 1-орын, Сингапур 2, Швейцария үздік үштікті түйіндеген. Жүргізушілердің құқығын қорғап жүрген Руслан Лазутаның айтуынша, Қазақстанның әлемдік рейтингте соңғы орындардан көрінуі тегіннен тегін емес. Себебі, еліміздің қай түпкіріне барсаңыз, сапасы сын көтермейтін жолды кезіктіресіз дейді ол.
“Неге жолдарымыз осындай? Біріншіден, басшылықтан бастап ұрлық-қарлыққа бейім. Екіншіден, бізде жол құрылысының қыр-сырын жетік білетін мамандар тапшы. Сондай-ақ, қажетті техника жетіспейді”, – дейді «ОСА» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Лазута.
Алайда, республикалық маңызы бар жолдардың құрылысымен айналысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілдерінің мәліметінше, байбалам салуға негіз жоқ. Қазір олардың бақылауындағы 23 мың шақырым жолдың 88 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екен.
“Жалпы 23 мың шақырымның 33 пайызын І және ІІ санатты жолға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. 2016 жылы орталық-оңтүстік бағыты бойынша 294 шақырым жолды пайдалануға бердік”, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев.
«ҚазАвтоЖол» соңғы төрт жылда мың шақырымнан астам жолды қолданысқа беріпті. Алайда, сарапшылардың назарына барлығы 137 мемлекет іліккенін ойласақ, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Тіпті, үздік жүздікке де маңайлай алмадық. Осы жылдың ортасында шенеуніктер Астана-Өскемен, Атырау арқылы Астраханға шығатын Астана-Ақтау, Жетібай-Жаңаөзен сынды 11 трасса жөндеуден өтіп, олардың реконструкциясына халықаралық қаржы ұйымдарынан 1 миллиард 800 миллион доллар қарыз алатындарын айтқан болатын. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын ескерсек, сапасыз жолдың салмағы әлі де арқаға бататыны ақиқат.
Жіберіп алмаңыз:
Бишімбаев соттан қылмыстық істі тоқтатуды талап етті
Орал қаласының маңындағы жерлер жалға берілмекші
Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрудың жаңа түрі енгізілді
Ғабидолла Әбдірахымов “Нұр Отан” партиясының хатшысы болып тағайындалды