Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түскен қаржыдан 2,5 есе көп: Қазан айында Ұлттық қордан 641 миллиард теңге алынған

Қазақстанда қазан айында Ұлттық қорға 256 миллиард теңге түсіп, одан 641 миллиард теңге игерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық қордың көлемі бір айда 31,37 триллион теңгеден 30,9 триллион теңгеге, яғни 385 миллиард теңгеге немесе 1,3%-ға қысқарды.



Жалпы он айда Ұлттық қорға 5,8 триллион теңге түсті. Оның ішінде мұнай секторынан түскен салық түсімдері 3,2 триллион теңге, инвестициялық кіріс 2,5 триллион теңге болды. 

Сонымен қатар, салық түсімдері 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға, 2022 жылмен салыстырғанда 34,4%-ға азайған.

Бұл ретте Ұлттық қордан 4,67 триллион теңге, оның ішінде кепілдендірілген трансферттер түрінде (республикалық бюджет тапшылығын жабуға) – 2 триллион теңге, нысаналы трансферттер түрінде (әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға) – 2,659 триллион теңге жұмсалды.

Нәтижесінде Ұлттық қордың қаражаты қазан айының соңында 30,9 триллион теңге болып, жыл басынан бері 3,7%-ға өсті. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі салық түсімдерінің азаюына және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді ұлғайту қажеттігіне байланысты 2024 жылға арналған бюджетті қайта қарап жатқанын мәлімдеген едік. 

Талқылау