Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ең ірі мәмілелер: "Қазақмыс" пен "Қазцинктің" жаңа қожайындары туралы не белгілі

Фото: Stan.kz

Қазақстанда кәсіпкерлік саласында есімі жиі айтылып жүрген екі тұлға – Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Артықбаев. Олардың бірі, тау-кен өндірісімен айналысатын “Қазцинк” компаниясына өз атына тіркесе, енді бірі “Қазақмыс” корпорациясын сатып алған. Осы орайда Stan.kz  бизнес әлемінде танылып жатқан екі тұлға туралы зерттеп, саясаттанушылардан олардың кәсібіне қатысты пікір сұрап көрді. 

Соңғы уақытта Қазақстандағы кәсіпкерлік ортада екі есім жиі атала бастады. Олар – “Қазцинк” активтерін өз атына тіркеген Шахмұрат Мүтәліп пен “Қазақмыс” корпорациясын сатып алған Нұрлан Артықбаев. Stan.kz бұл екі ірі мәміленің мән-жайын саралап, бизнес әлемінде танылып келе жатқан тұлғаларға шолу жасады.

“Қазақмыс”: 2025 жылы жасалған ең ірі мәміле

2025 жылдың желтоқсан айының соңында “Қазақмыс” корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының иелігіне өтті. Бұл келісім 2025 жылы жасалған ең ауқымды мәмілелердің бірі ретінде танылды. 

Ашық деректерге сәйкес, “Қазақмыс” корпорациясының жылдық табысы шамамен 1,3 триллион теңге. Компания құрамына Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл және Абай облыстарындағы кеніштер, байыту фабрикалары, көмір разрездері мен мыс қорыту зауыттары кіреді. Негізгі табыс көзі – мыс өндіру және өңдеу, алтын сату.

Коллаж Stan.kz 

Мәміле аяқталған соң Qazaq Stroy-дың “Қазақмысты” сатып алуына швейцариялық Mercuria Energy Group қаржылай қолдау көрсеткені белгілі болды. Bloomberg дерегінше, Mercuria бұл келісімді 1,2 миллиард доллар көлемінде қаржыландырған. Несие мерзімі – 8 жыл. Алғашқы төрт жылда трейдер жыл сайын 200 мың тонна мыс катодын алып отырады, содан кейін ғана өндірістегі үлеске ие болады.

Mercuria-ның металдар бағытының басшысы Костас Бинтас бұл келісімді “мансабындағы ең ірі мәміле” деп атады.

“Қазцинк”: Шахмұрат Мүтәліптің жаңа активтері

Биыл 21 қаңтарда Шахмұрат Мүтәліп Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында екі компания тіркеді. Оның бірі – KazZinc Group Ltd. Холдинг мыс, қорғасын және мырыш өндірумен айналысады. Компанияның бас директоры әрі иесі ретінде Шахмұрат Мүтәліптің өзі көрсетілген.

Екінші компания – Central Asia Resources Holding Ltd. Бұл компания да түсті металдарды өндірумен айналысады және ұқсас құрылыммен тіркелген.

Фото: kazzinc.com

Аталған екі компанияның тіркелуі Integra Construction KZ иесі Шахмұрат Мүтәліптің "Қазцинк" бизнесін сатып алып жатқаны туралы ақпаратты нақтылай түсті. Бұған дейін кәсіпкер швейцариялық Glencore компаниясының “Қазцинктегі” 70% үлесін сатып алуға қызығушылық танытқаны жөнінде бейресми мәліметтер тараған еді.

Жаңа буын кәсіпкерлер және тау-кен саласындағы ықпал

Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп қазақстандық бизнесте жаңа буын өкілдерінің бірі ретінде танылып келеді. 2024 жылдың соңында оның халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40% үлесін сатып алғаны хабарланған. ERG мен “Қазцинктегі” ықтимал үлесі арқылы Мүтәліп Қазақстанның тау-кен өндірісі саласындағы ықпалды жаңа ойыншыға айналуы мүмкін.

Ал “Қазақмысты” иеленген Qazaq Stroy тобының негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев та соңғы жылдары ірі мәмілелермен көзге түсіп жүр. Осылайша, Қазақстандағы ең ірі шикізат алпауыттарының жергілікті кәсіпкерлердің қолына өтуі ел экономикасы үшін жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

Екі кәсіпкер де президенттің жеке қабылдауында болған

Мемлекет басшысы Тоқаев былтыр 4 қарашада әуелі Qazaq Stroy компаниялар тобының құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевты қабылдаған. 

Кездесу барысында құрылыс саласын дамытудың басты бағыттары, жеке бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселесі талқыланған. Президент Тоқаевқа компанияның негізі қаланған 10 жыл ішінде 55-тен астам жоба жүзеге асырылғаны жөнінде баяндалған. Атап айтқанда, кәсіпорын 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салғаны, оның ішінде 3,6 миллион шаршы метрі – әлеуметтік нысандар екені айтылған. 

Сол кезде Нұрлан Артықбаев Qazaq Stroy азаматтарды қолдауға және қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды белсенді іске асырып жатқанын айтқан. 

Ал 21 қарашада президент Integra Construction KZ бенефициар меншік иесі Шахмұрат Мүтәліпті қабылдаған. Сол кезде кәсіпкер мемлекет басшысына ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және өндірістік, тұрғын үй, әлеуметтік нысандарды салу жөнінде айтқан еді. 

Сондай-ақ президентке компанияның құрылыс пен темір жол салаларында іске асырып жатқан халықаралық бастамалары туралы ақпарат берген. Ал мемлекет басшысы ел экономикасы үшін мәні зор жобаларды сапалы орындау керек екенін айтқан. 

Ал Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ бірқатар әлеуметтік жобаны қолға алғанын жеткізген. Мәселен, компания Алматы қаласындағы “Бағанашыл” балалар үйін 5 миллиард теңге жеке қаражаты есебінен қайта жөндеуді бастағаны туралы да есеп берген. 

Қазақстандық саясаттанушылар ірі мәмілелер мен қос кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Артықбаевтың жұмысына баға берді. 

Мәмілеге қатысты саясаттанушылар не дейді?

Қоғам қайраткері Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстандағы ескі және жаңа элитаның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Қазіргі “жаңа қожайындардың” бәрі ескі Қазақстаннан шыққан дейді ол.

“Нұрлан Артықбаев пен Шахмұрат Мүтәліпті толықтай дербес кәсіпкерлер деу қиын. Тіпті ірі құрылыс компанияларын, “Қазақмыс” пен “Қазцинк” секілді экономиканың флагмандарын сатып алатындай миллиардтаған қаржысы болуының өзі күмәнді. Мұндай қаражат, негізінен, “ескі Қазақстанның” байыған адамдарында ғана болуы мүмкін. Сондай-ақ олардың шетелдік серіктестері болуы да ықтимал”, – дейді Қазбек Бейсебаев. 

Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, бұрынғы қожайындар кен орындарынан керегін алып, ары қарайғы тағдырына уайымдамай, кетіп қалды. 

“Бұрынғы қожайындар өз миллиардтарын алып болды. Енді олар оны жаңа жобаларына салып, рахатын көре алады. Қарапайым тілмен айтқанда, кен орындарының “қаймағын сылып ішіп” әрі қарай тағдырына бас қатырмай кете салды. Ал бұл жерде ұтылған жер қойнауының шынайы иесі, яғни Қазақстан халқы. Бір кинодағы кейіпкер айтқандай, “мемлекет үшін жаным ауырады”, – дейді Қазбек Бейсебаев. 

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, егер ел үшін маңызды кәсіпорындар осылай құпия түрде сатыла берсе, Қазақстан олардан айырылып қалуы әбден мүмкін. 

“Бізде азаматтар көп жағдайда бәрін соңында біледі. Халық сайлаған Парламент те бұл мәмілелерден тыс қалған. Ал бұл жанармай құю бекеті секілді шағын немесе орта бизнес нысандары емес, ел экономикасының тірегі, ірі кәсіпорындары. Егер флагман компаниялар осылайша жабық түрде сатыла берсе, Қазақстан олардан айырылып қалуы мүмкін”, – дейді Қазбек Бейсебаев. 

Қоғам қайраткерінің сөзінше, елдегі моноқалалар “Қазақмыс” пен өзге де ірі кәсіпорындардың есебінен күн көріп отыр. Бұрынғы иелері кеткен соң шығынды оңтайландыру, қысқарту басталуы мүмкін. Бұл жұмыс орындарының азаюына алып келеді, ал оның соңы әлеуметтік шиеленіске ұласуы ықтимал дейді Бейсебаев. 

“Президенттің қатысуынсыз бірде-бір ірі келісімшарт жүргізілмейді”

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның сөзінше, кәсіпкерлік саласындағы аты аталып жүрген екі адам номиналды тұлғалар. 

“Бұл тұлғалардың активтері ресми түрде рәсімделгенімен, олар билікте отырған шенеуніктерге тәуелді. Олар билікке, құжаттарға қол жеткізе алатын, осы компаниялардағы жағдайға ықпал ететін тетіктері бар тұлғалардың атынан әрекет етеді. Мемлекеттік қызметкерлер бизнесін өз атына тікелей рәсімдей алмаған соң, билік құрылымдарымен сырттай байланысы жоқ “бейтарап” адамдарды таңдайды. Бұл тұлғалар саланы белгілі бір деңгейде түсінуі мүмкін. Бірақ мұндай ірі мәмілелерді жасауға өз ресурстары жеткіліксіз. Олардың артында саяси ықпалы бар адам тұр”, – деді саясаттанушы. 

Сондай-ақ саясаттанушы экс-президенттің кезінде бизнес саласында стратегия басқаша болғанын айтты. 

“Назарбаев бизнеске танымал халықаралық инвесторларды тартуға тырысты. Тіпті, өнеркәсіп алпауыттарының (Қазақмыс, Қазцинк) басында шетелдіктер тұрғанын қалады. Назарбаев ел ішінде бай қазақтардың пайда болуы өз билігіне қауіп төндіре ме, деп қорықты. Себебі қаржылық ресурстардың күшеюі түптің түбінде саясатқа алып келеді. Сондықтан ол шетелдік инвесторларды немесе Қазақстан азаматтығы жоқ посткеңестік елдерден шыққан тұлғаларды таңдады. Бұл оларға жоғарыдан бақылау орнатуға және жергілікті элитаның шамадан тыс күшеюіне жол бермеуге мүмкіндік берді”, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының пікірінше, бұл кәсіпкерлердің ірі келісімшарттарды жасауына мемлекет басшысы мен оның айналасындағы адамдар қолдау білдірген болуы мүмкін. Себебі, президенттің қатысуынсыз бірде-бір ірі келісімшарт немесе стратегиялық активтің иесі ауыспайды, дейді Үмбетәлиева.

“Саясаттанушылар арасында президенттің туыстары, әсіресе жиендерінің қаржы-экономикалық блокқа белсенді араласа бастағаны туралы бейресми ақпараттар талқыланып жүр. Бұған дейін олардың мүдделері өңірлік деңгеймен (мысалы, Алматы шеңберінде) шектелетін еді. Қазір ауқымы ұлттық деңгейге дейін ұлғайған. Негізінде, Қазақстанда мұндай деңгейдегі мәселелер жоғары биліктің келісімінсіз шешілмейді. Президенттің рұқсатынсыз бірде-бір ірі келісімшарт немесе стратегиялық активтің иесі ауыспайды. Сондықтан барлық жіптің ұшы ең жоғары басшылыққа барып тірелуі әбден мүмкін”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, активтердің жабық түрде қайта бөлінуі туыстық ықпалдың күшейгенін аңғартады. Бұл ұзақмерзімді экономикалық стратегия емес, “қазір табыс тауып қалу керек” деген ұстанымның белгісі. 

“Кәсіпорынды табысы аз болған соң басқаға сатты”

Расул Рысмамбетовтың пікірінше, металлургия саласындағы кәсіпорынға инвестиция салу кәсіпкерлер үшін де қызықсыз бола бастаған. Себебі ол кәсіпорын басшысының табыс табуына кері әсер етті дейді. 

“Қармет” мәмілесі сатушылар үшін ғана тиімді. Себебі, Қарағандыдағы кәсіпорынға инвестиция салу бұрынғы иелеріне қызықсыз бола бастаған. Бұл олардың табыс табуына кері әсер ететін еді. Сол себепті, оны өзгеге сатқан өздеріне тиімді. Оған қоса, “Октябрьская” шахтасындағы 26 адамның қаза табуы да мәміле жасауға елеулі әсер етті. Дегенмен, түптеп келгенде металды сату кезінде сатушы тарап ең алдымен өз пайдасын көздеді”, – дейді қаржыгер. 

Сондай-ақ қаржыгер “Қазақмыстың” сатылуына да кәсіпкердің табыс таба алмауы себеп дейді. 

“Бұрын Қазақстандағы мыс бизнесі негізінен “Қазақмыс” арқылы жүргізілсе, кейін жаңа жобалар “Қазминералск” арқылы бөлініп шықты. Ал “Қазақмыс” Ұлытау облысындағы әлеуметтік міндеттемелерімен қалды. Сондықтан сатушылар үшін активтен толық құтылу тиімді болды. Онда негізінен ескі кен орындары бар, рудадағы металдың мөлшері төмендеп кеткен”, – дейді қаржыгер. 

Қаржыгер “Қазцинк” мәмілесінің жасалуына басқа жағдай себеп дейді. 

“Ал “Қазцинк” елдегі алтын мен күмістің ең ірі өндірушілерінің бірі. Күміс бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы өндірушілердің қатарында. Сондықтан бұл мүлде бөлек санаттағы актив. Енді неге бұл активтерді құрылыс компаниялары сатып алды деген сұраққа тоқталсақ. Біріншіден, құрылыс компанияларында қазір ақша бар. Екіншіден, соның өзінде олардың металлургиялық алпауыттарды толық сатып алатындай қаржысы жеткіліксіз. Үшіншіден, құрылыс компанияларында “Қазақмыс” секілді күрделі активтерді басқару тәжірибесі жоқ. Сондықтан олар жаңа команда жинауға немесе бұрынғы мамандарды сақтап қалуға мәжбүр болады”, – дейді қаржыгер. 

Қаржыгердің айтуынша, мемлекет жер қойнауындағы активтерге бақылауды сақтап қалу үшін  мәмілелерге қолдау білдіріп отыр. 

“Сонымен қатар, мемлекет инвестиция тартуды көздеп отыр. Qazaq Stroy мен Integra – “Қазцинкті”  сатып алған ірі мемлекеттік мердігерлердің қатарында. Мемлекет оларға тапсырыс беру арқылы қаржылық мүмкіндіктерін реттей алады. Мысалы, Qazaq Stroy компаниясына 500 мектеп салуды тапсырса, олар салады. Ал Integra компаниясына 3 мың шақырым жол салуды тапсырса, олар да орындайды. Оған сай олардың қаржысы да болады. Жалпы, бұл компаниялар қуатты мердігерлер. Мемлекет оларды қолдап, жағдай жасап отыр. Оның үстіне, мемлекет мұндай стратегиялық активтердің “сыртқа кетіп қалмауын” осылай қадағалап отыр”, – дейді Расул Рысмамбетов.  

Рысул Рысмамбетов жаңа технологияларды қолдану арқылы “Қазақмыс”, “Қазцинк”, “Қарметті”  табысты аймаққа шығаруға болатынын айтты. Сондай-ақ қаржыгер төнуі мүмкін қауіп туралы да айтты. 

“Негізгі қауіп – құқықтық тұрғыдан дұрыс рәсімделмеуі және активтердің бір бөлігін Астана халықаралық қаржы орталығына көшіру ниетінен туып отыр. Қазір Qazaq Stroy мен Integra  активтердің едәуір бөлігін осы қаржы орталық аясында орналастырғысы келеді. Меніңше, бұл қауіпті. Себебі қаржы орталығын салықтан жалтару құралына айналдыруға болмайды. Әйтпесе, ол инвестор тарту алаңы емес, офшорға айналып кетуі мүмкін”, – дейді қаржыгер. 

Қаржыгердің айтуынша, бұл мәміленің жасалуына белгілі бір деңгейде мемлекет те, ықпалды топтар да қолдау көрсетіп отыр. Сол себепті Qazaq Stroy-ға құрылыс саласында үнемі жақсы жобалар беріліп келеді дейді.

“Бір жағынан, мұндай активтердің жергілікті компанияларға өткені қуантады. Екінші жағынан, алда тағы шамамен 3,8 миллиард долларлық мәміле жоспарланып отыр. Ал Қазақстанның нарықтық құны бұдан әлдеқайда төмен. Бұл тиімсіз мәміле емес пе деген сұрақ туындайды. Бірақ дұрыс технология қолданылса, тиімді келісім болуы мүмкін. Мәселен, мыс бағасы өсіп жатыр, мыс қоры бар дегені, жүздеген миллион тонна шикізат бар дегені”, – дейді қаржыгер. 

Сондай-ақ қаржыгер кәсіпорындарды басқаруда қателік кетсе, бүкір өңірдің табысы құлдырайтынын айтты.

“Басқару кезінде, Қарағанды облысының экономикасы “Қарметке”, ал Ұлытау облысы “Қазақмысқа” тәуелді екенін ескеру керек. Егер дәл осы компанияларда қателік кетсе, бүкіл өңірдің табысы құлдырайды. Бұл қызметкерлерге ғана емес, тұтас аймаққа соққы болады”, – дейді қаржыгер. 

Расул Рысмамбетов елдегі ең маңызды кәсіпорындарды сатып алған Нұрлан Артықбаев пен Шахмурат Мүтәліпке қатысты пікір білдіріп өтті. 

“Қазір бұл компаниялардың мұндай стратегиялық активтерді басқаруға тәжірибесі жеткілікті ме, белгісіз. Сондықтан ірі мәмілелер парламент немесе президент деңгейінде мақұлдануы керек деп ойлаймын. Мысалы, Әзербайжанда мұндай ірі келісімдер парламент арқылы өтеді. Бізге де осындай тетік қажет. Маңызды активтерді ерекше бақылауға алу қажет. Мемлекет оларды тікелей басқармаса да, қадағалап отыруы тиіс. Егер бірдеңе дұрыс болмай жатса, дер кезінде араласқаны жөн. Өйткені бір кәсіпорынның жабылуы жүздеген мың адамның әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Ешкім 300–400 мың қарағандылықтың бір күнде жұмыссыз қалуын қаламайды”, – дейді қаржыгер. 

Сондай-ақ қаржыгер мұның өте ауқымды әрі тәуекелі жоғары жоба екенін айтты. 

“Мен үшін құрылыс компанияларының кішкентай болуы қорқынышты емес. Олар қарыз ала алады. Бірақ қарызды кімнен алады бұл үлкен сұрақ тудырады. Егер мемлекеттен алса, онда бұл активтерді ұлттық тау-кен компаниясының басқаруына берген әлдеқайда әділетті болар еді”, – дейді қаржыгер.

Шахмұрат Мүтәліп туралы не белгілі?

Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы Алматы облысындағы Қазцик ауылында дүниеге келген. Оның ата-анасы туралы ешқандай дерек жоқ. 

2012 жылы ол “Тұран” университетінде экономика және аймақтану мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесін алған. Кейін сол университетте магистратураны тәмамдаған. Бұдан бөлек, кәсіпкер Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Asian Pacific университетінде білімін жетілдірген.

Сондай-ақ кәсіпкердің жұбайының аты-жөні Балжан Мүтәліп. Екеуінің үш баласы бар: 2017 жылы туған ұлы – Дінмұхаммед, 2018 жылы туған қызы – Амина. Кенже баласы туралы ақпарат жоқ.

Фото: kfb.kz

Еңбек жолын қалай бастады?

Шахмұрат Мүтәліп еңбекке өте ерте араласып, 18 жасынан бастап жұмысқа кіріскен. 2008 жылы ол жеңіл металл бұйымдарын шығаратын “Бент” кәсіпорнына шпал цехында слесарь болып орналасқан.

Осы компанияда шамамен жеті жыл еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан бастап, біртіндеп экономист, кейін аға бухгалтер, қаржы директоры, вице-президент және бірінші вице-президент деңгейіне дейін көтерілген.

Kompra мәліметіне сәйкес, “Бент” компаниясы 1999 жылдан бері жұмыс істеп келген. Алайда 2024 жылдың мамыр айында өз қызметін тоқтатқан. Мүтәліп онда істеген кезеңнің барлығында кәсіпорын “Сантэкс” компаниясының меншігінде болған.

Кәсіпкер Мүтәліп “Бенттен” 2015 жылдың желтоқсанында кеткенімен, “Сантэкс” бұл компаниядағы үлесінен 2016 жылдың наурыз айында бас тартқан.

Шахмұрат Мүтәліп “Бент” компаниясындағы қызметінен кеткен соң “Қазақсельмаш” концернінің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметіне кіріскен. Кәсіпкер бұл қызметті 2016 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың наурызына дейін атқарған. Осыдан кейін ол IST Group компаниясына тәуелсіз директор ретінде шақырылып, 2020 жылға дейін осы қызметте болған. 

Көтерме саудамен айналысатын IST Group кәсіпкер компанияға келгенге дейін бір ай бұрын, яғни 2017 жылдың ақпанында тіркелген. Мүтәліп қызмет атқарған кезеңде компания бірнеше рет иесін ауыстырған. Әр кезеңде Аслан Өтетілеуов, Дархан Қызайбаев, Руслан Мажитов және Нұрбол Оразбаев компанияға жеке-дара иелік еткен.

Кәсіби мансаптың күрт өсуі

Шахмұрат Мүтәліп IST Group компаниясындағы қызметінен кеткен соң Integra Construction компаниясында жаңа қызметке кіріскен. Integra Construction Қазақстандағы теміржол құрылысы мен жөндеу нарығындағы ең ірі компаниялардың бірі. Нысан 1998 жылы “Қазақстан темір жолы” инфрақұрылымындағы станциялар мен қиыршық тас зауыттарының негізінде “Ремпуть” атты мемлекеттік кәсіпорын ретінде құрылған. Кейін 2000-жылдардың басында акционерлік қоғам мәртебесіне өтіп, 2005 жылы “Жол жөндеуші” деген атаумен қайта тіркелген. Осылайша кәсіпорын елдегі теміржол желілерін салу және жөндеу саласындағы жетекші компанияға айналды.

Мүтәліп 2021–2022 жылдары компания басшылығына келген соң қызмет бағыттары кеңейтіліп, тұрғын үй, азаматтық және гидротехникалық құрылыс, инженерлік инфрақұрылым нысандары жобалары тізіміне қосылды. Дәл осы компания “Достық-Мойынты” теміржол желісінің екінші жолын іске қосуға атсалысты. Теміржол желісі былтыр қазан айында ашылды. Оның ашылу рәсіміне президент Тоқаев қатысты. 

Бұл жобаның стратегиялық маңызы зор. Ұзындығы 836 шақырым болатын жаңа магистраль жүк тасымалы көлемін бес есеге арттыруға, экспорттық тауарларды жеткізу мерзімін қысқартуға және Қазақстанның Қытаймен арадағы транзиттік әлеуетін едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.

Ауқымды жобаның бас мердігері Integra Construction KZ компаниясы. Жоба құрылысы күрделі климаттық жағдайда үш жылға жуық уақыт жүргізіліп, жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталған. 

Бұл компанияда Шахмұрат Мүтәліп әуелі бас директор ретінде еңбек етті (2020 жылдың ақпаны – 2021 жылдың ақпаны). Кейін бақылау кеңесін басқарды (2021 жылдың ақпаны – 2024 жылдың қаңтары). Ал 2021 жылдың маусым айында компанияның үлесіне тең иелердің бірі атанды. Дәл осы жылы Шахмұрат Мүтәліп “Алтынстройдың” иелері қатарына кірген. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде “Алтынстрой” Integra Construction KZ капиталынан шығып, оның орнын Мүтәліптің өзі және осы оқиғадан үш ай бұрын ғана тіркелген Management&Construction Ltd компаниясы басқан. 

Үш жылдан кейін Integra Construction KZ Forbes нұсқасы бойынша ең ірі жекеменшік компаниялар рейтингінде (2018 жылдан бергі алғашқы рет) 12-орыннан көрінген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның жылдық табысы 418,8 миллиард теңге болса, таза пайдасы 35,43 миллиард теңгеге жеткен. 

Мүтәліптің иелігінде Integra Construction KZ-дан бөлек Gas Technology Ltd. және Nature Energy Solutions Ltd. компаниялары бар. Бұл екі компания да 2024 жылы 28 қарашада тіркелген. Екеуі де табиғи газды көтерме сауда арқылы сатумен айналысады.

Қазір Шахмұрат Мүтәліп кәсіпкерлік қызметтен бөлек қоғамдық әрі салалық лауазымдарды қатар атқарып келеді. Мысалы. ол қазір Қазақстан бокс федерациясының президенті, “Атамекен” ҰКП жанындағы Құрылыс және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы әрі Ұлттық олимпиада комитетінде халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент лауазымдарын қатар алып жүр. 

Қазақстанда құрылыс саласындағы ірі ойыншы

Нұрлан Артықбаев – құрылыс және өнеркәсіп саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер. Соңғы жылдары Қазақстандағы инфрақұрылымдық құрылыс нарығындағы ірі ойыншылардың біріне айналған Qazaq Stroy құрылыс компаниясын басқарады. Forbes Kazakhstan дерегінше, 2025 жылы Артықбаев елдегі ең бай кәсіпкерлер рейтингінде 44-орынға тұрақтап, байлығы шамамен 228 миллион доллар болған.

Фото: Qazaq Stroy

Артықбаевтың рейтингке енуіне құрылыс саласындағы табыстары ғана емес, 2024 жылдың соңында Jusan Bank-тен “Қазақтелекомның” 8,1% акциясын сатып алуы да әсер еткен болуы мүмкін. Мәміленің нақты сомасы жарияланбады. Алайда нарық шарттарымен жасалғаны хабарланды. Сондай-ақ сол жылы Qazaq Stroy Түркістан облысындағы күкірт қышқылын өндіретін зауыттың капиталына кірді. Компания бұл жобада “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясымен әріптес болды.

Qazaq Stroy Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін белсенді түрде салып келеді. Компания Алматыда Сәтбаев – Назарбаев көшелерінің қиылысындағы 3,7 гектар жер телімін игеруді жоспарлап отыр. Жоба бойынша бұл аумақта кітапхана мен апарт-отель, іскерлік орталық пен автотұрақ салынбақ. Сонымен қатар компания Алматыдағы Ғылым академиясының ғимаратын жөндеп, бұл жобаға өз бастамасымен 19 миллиард теңге инвестиция құйып отыр.

Forbes.kz дерегінше, Qazaq Stroy 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салған. 2024 жылдың желтоқсанында компания шамамен 313,9 миллиард теңге айналыммен Қазақстандағы ірі жеке компаниялардың қатарында 14-орынға шықты.

Qazaq Stroy – 70-тен астам компаниядан тұратын күрделі құрылым. Олардың көпшілігі заңды тұрғыда бір-бірімен байланыспаған, кейбірі топ-менеджерлердің атына тіркелген. Qazaq Stroy-дан бөлек, Артықбаев 2006 жылы құрылған тағы бір құрылыс компаниясы – Exclusive Qurylys-тың да негізгі акционері. Forbes мәліметінше, аталған компаниялар 2023 жылы бірігу туралы шешім қабылдаған.

2023 жылы кәсіпкер сингапурлық Qazaq Potassium Pte. Ltd. компаниясымен бірлесіп Qazaq Kalium Ltd. компаниясын құрды. Бұл компания Батыс Қазақстан облысында калий байыту және өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ 2024 жылдың наурыз айында Артықбаев Gas Solutions Ltd. компаниясын құрды. Компания метаннан өзге табиғи газ түрлерін өндірумен айналысады. Бұл жобада кәсіпкердің серіктесі бар екені айтылғанымен, AFSA сайтында ол “No Name” ретінде көрсетілген. Ал Kompra деректеріне сәйкес, компанияның жалғыз акционері – Нұрлан Артықбаев.

Сонымен қатар 2024 жылдың маусым айында Артықбаев Telecom Systems Ltd (TSL) компаниясын құрды. Бұл компания сымды телекоммуникациялық байланыс саласында жұмыс істей бастады. 2024 жылдың соңына қарай TSL Jusan Bank-тен “Қазақтелекомның” 8,1% акциясын сатып алды. Осылайша кәсіпкер Қазақстандағы ең ірі телекоммуникациялық компанияның иелерінің біріне айналды.

Оған қоса, соңғы төрт жыл ішінде Артықбаев тағы екі құрылыс компаниясының (Qazsystemtelecom Ltd. және Patron Finance) құрылтайшыларының бірі болды.

AFSA деректеріне сәйкес, кәсіпкер жеті компанияның ортақ иесі саналады. Олардың қатарында:

  • 2024 жылы тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. холдингтік компаниясы;
  • 2025 жылдың тамыз айында құрылған тағы бір холдинг – KCTS Solutions Ltd.;
  • 2025 жылдың маусымында тіркелген темір және титан-магний кенін өндірумен айналысатын OreMax Processing Ltd. компаниясы бар.
STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 17:40