Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алғаш рет $300 млрд межесінен асады деп күтілуде

ақшаФото: istockphoto.com

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) тарихта алғаш рет $300 млрд межесінен асып, "тарихи оқиға" болады. Бұл туралы Taldau Talks подкастында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет бір адамға шаққандағы ЖІӨ де $15 мыңнан асады деп күтілуде.

Жұманғариннің айтуынша, қазіргі таңда ел экономикасы айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Бұған бірнеше фактор дәлел, соның ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуін айтуға болады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 13,5%, ал Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша – 19,3% артқан.

Министр өсім құрылымының да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, нақты сектордағы өсім (8,1%) қызмет көрсету саласындағы өсімнен (5,3%) жоғары. Бұндай қарқын, сондай-ақ жалақының қалыпты өсуі "экономиканың қызып кетпегенінің маңызды белгісі".

Сонымен қатар, министр өнеркәсіп саласындағы оң үрдістерді де ерекше атады. Биыл алғаш рет кен өндіру өнеркәсібінің үлесі өңдеуші өнеркәсіп үлесінен аз болды. Мұнымен қатар машина жасау саласы 14%-ға, ал металл бұйымдары өндірісі 15,2%-ға өскен.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның ЖІӨ-cі $119,9 млрд болған. Осылайша, $300 млрд межесіне жету үшін жыл соңына дейін бұл көрсеткішті тағы $180,1 млрд-қа арттыру қажет, яғни ЖІӨ көлемін бір жарым еседен астамға ұлғайту керек.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 12:34
Талқылау