"Оларға салық салынбайды": Қазақстанның үш қаласында қоқыс өңдеу зауытын салатын қытайлық инвесторлар туралы не белгілі?
Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды
Қазақстанда қытайлық инвесторлар 293 миллиард теңгеге үш ірі қоқыс өртейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды жоятын жаңа нысандар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бой көтермек. Осы орайда Stan.kz зауытты қандай компания салатынын және келісім қанша жылға жасалғанын анықтап көрді.
Қандай компаниялармен, қанша жылға келісім жасалды?
Экология министрлігінің мәліметінше, жобаларды жүзеге асыру үшін Үкімет үш қытайлық компаниямен инвестициялық келісімдерге қол қойған:
– Астана қаласында “East Hope Group” ЖШС, “Астана энергиясы экопаркі” жобасы;
– Алматы қаласында “Junxin Environmental Protection (Almaty)” ЖШС-мен “Қазақстан Республикасының Алматы қаласында қалдықтарды кәдеге жарату негізінде электр энергиясын өндіру” жобасы бойынша;
– Шымкент қаласында “Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd” ЖШС-мен “Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық кәдеге жарату жобасы” бойынша келісімдерге қол қойылған.
Үш зауыт та қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтарды жоюға және олардан энергия өндіруге бағытталады екен. Министрліктің түсіндіруінше, инвестициялық келісімдер Қазақстан заңнамасы өзгерсе де, 25 жыл бойы өз күшін сақтайды.
Қытайлық инвесторларға қандай жеңілдік жасалады?
Министрлік мәліметінше, Кәсіпкерлік кодексінің 295-2-бабына (инвестициялық келісімді қандай жағдайда бұзуға болатындығы туралы) және Салық кодексінің 712-2-бабына ( Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу) сәйкес, жобаны жүзеге асыру үшін инвесторға келесі жеңілдіктер ұсынылады:
– Жаңа өндіріс іске қосылған соң, келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін мерзімге инвесторға 10 жыл бойы корпоративтік табыс салығын төлеуден толық (100%) босату мүмкіндігі беріледі. Бұл жеңілдік зауытты салған соң пайдаланылатын тіркелген активтерден (яғни зауыттың жабдықтары мен негізгі құралдары) алынатын табысқа қолданылады;
– Келісім жасалған айдың бірінші күнінен бастап, әрі келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін кезеңге 10 жылдан аспайтын мерзімге жобада пайдаланылатын жер учаскелеріне жер салығы салынбайды. Демек бұл учаскелерге 0 коэффициент қойылады, яғни толық босатылады;
– Жобада қолданылатын нысандар бойынша (зауыт ғимараттары, жабдықтар және басқа негізгі құралдар) инвестор 8 жыл бойы мүлік салығын төлемейді. Бұл кезең негізгі құралдардың бухгалтерлік есепке алынған айының бірінші күнінен немесе олар есепке алынған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеледі. Екі жағдайда да салық ставкасы 0% болып белгіленеді.
Министрлік мәліметінше, үш жоба аясында қоқысты өртеп, одан электр энергиясын өндіру көзделеді. Қолданыстағы заң бойынша, осындай зауыттар өндіретін электр энергиясының 1 кВт/сағ бағасы шамамен мынадай болады:
– Астана – 54,87 теңге;
– Алматы – 55 теңге;
– Шымкент – 54 теңге мөлшерінде.
Алайда 2025 жылы 16 маусымда шыққан №166-Ө бұйрыққа сәйкес, қалдықтарды өртеп өндірілген электр энергиясы үшін 130 теңге/кВт·сағ мөлшерінде шекті (ең жоғары) аукциондық баға бекітілген. Демек энергияның нақты бағасы аукцион нәтижесінде анықталады, бірақ 130 теңгеден аспайды.
Қалдықтарды жою қызметінің өзі (яғни қоқысты қабылдап, өртеп кәдеге жарату) 1 тонна үшін 7 000 теңге болып белгіленген. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орган Қазақстан заңнамасына сәйкес жер учаскесін және қажет инфрақұрылымды Инвесторға ұсынуы тиіс.
Зауыт салатын үш қытайлық компания туралы не белгілі?
Елордада зауыт салатын East Hope Group компаниясы Қытайдың көпсалалы конгломераты. Компания агробизнес, түсті металдар өндірісі, құрылыс материалдары, электр энергетикасы, биохимия, пластмасса өндірісі, құрылыс, коммерциялық және тұрғын үй мүлігі салаларында қызмет көрсетеді. Топты елдің ең бай кәсіпкерлерінің бірі әрі миллиардер Лю Юнсин басқарады.
East Hope Group 2022 жылға қарай Қытайдың 500 ірі жеке кәсіпорындары рейтингінде 39-орынды иеленген. Ал өңдеуші өнеркәсіптегі 500 ірі жеке кәсіпорындар арасында 24-орынға тұрақтаған. Конгломерат құрамына 300-ден астам еншілес компания кіреді. Негізгі активтері материктік Қытайда шоғырланған (Шанхай мен Бейжің қалаларында, Синьцзян, Нинся және Ішкі Моңғолия аймақтарында, Цзянсу мен Хубэй провинцияларында). Еншілес ұйымдары Вьетнам, Камбоджа, Сингапур, Индонезия, БАӘ және басқа да елдерде жұмыс істейді.
Сондай-ақ East Hope Group компаниясы әлемдік алюминий өнеркәсібінің он көшбасшысының қатарына кіреді.Компания поликремний өндірісі, «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіп және жоғары технологиялар салаларында белсенді жобалар жүргізеді. Холдинг Қытайда төмен көміртекті өнеркәсіптік кешендер салуға шамамен 10 миллиард доллар инвестиция салды. Аталған корпорация халықаралық нарықта өзін кеңінен танытып келеді. Мәселен, биыл 9 маусымда Олжас Бектенов дәл осы компания директоры Лю Юнсинмен “жасыл” алюминий өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылаған еді.
Junxin Environment Protection компаниясы
Ал қоқыс өңдейтін зауытты Алматыда іске асыратын компания Junxin Environment Protection тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге маманданған. Компания 2011 жылы құрылған және Қытайдың Хунань провинциясында орналасқан. Сондай-ақ бес жыл бұрын кәсіпорын ұлттық жоғары технологиялық кәсіпорын мәртебесін алған.
Компанияның негізгі өнімі – электр энергиясы. Ұйым қалдықтарды жағу арқылы электр өндіру, тұнбаны жою, лас суды тазарту, қалдықтарды көму, күлді өңдеу және залалсыздандыру қызметтерін көрсетеді.
Компания сайтындағы мәліметке сай, құрылғалы бері Junxin Environment Protection Хунань провинциясы, Чанша қаласы және Пинцзян уезінде шамамен 10 жобаны іске асырған.
Қазір компанияда 680-нен астам қызметкер жұмыс істейді. Junxin Environment Protection-тің бірнеше еншілес кәсіпорындары бар: Puxiang Bioenergy, Hunan Puxiang Environmental Protection Energy, Hunan Pingjiang Junxin Environmental Protection және Hunan Liuyang Junxin Environmental. Компанияның қатты қалдықтарды жинаумен айналысатын филиалдары да жұмыс істейді.
Дәл осы компания қалдықтарды өңдейтін зауытты Қазақстанда ғана емес Қырғызстанда да салмақ. Онда Қытай мен Қырғызстан өкілдері 35 жылға келісімге қол қойған. Бұл Junxin компаниясының Қырғызстандағы үшінші жобасы екен. Бұған дейін Бішкек және Ош қалалары да осы компаниямен келісімге келген екен.
Shaanxi Construction Engineering Group
Shaanxi Construction Engineering Group Қытайдың құрылыс және инженерлік мердігерлік компаниясы. Ол 1950 жылы құрылған және Қытайдың ең ірі 500 корпорациясының қатарына кіреді.
Компанияның шетелдік қызметі негізінен Африка құрлығында және бірнеше басқа елдерде жүзеге асады. Негізгі халықаралық филиалдары Батыс Африкада шоғырланған. Оның бөлімшелері Камерун, Сан-Томе және Принсипи, Судан, Экваторлық Гвинея, Либерия, Габон, Нигерия, Гана, Кабо-Верде сынды елдерде орналасқан. Бұдан бөлек, компанияның Таяу Шығыстағы Біріккен Араб әмірлігінде, Папуа – Жаңа Гвинеяда, Руандада және Конгода кеңселері орналасқан.
Ганада компания жергілікті фирмалармен бірлескен жоба аясында 2 560 пәтерден тұратын 320 тұрғын үй блогын салу бойынша жетекші субмердігер саналады. Бұл жоба үкіметтің қолжетімді баспана тапшылығын азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қытайлық инвесторлар 293 миллиард теңгеге қоқыс өртейтін үш зауыт салатыны туралы жазған едік.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді