Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі қайтыс болды
Фото: sunna.kz
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Жоғарғы мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы хабарды еліміздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады.
“Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етті”, – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Рәтбек Нысанбайұлы 1940 жылы дүниеге келген. Ол Ливия университетінде діни білім алған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсылмандарының бірінші съезі өтті, онда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ташкент Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары басқармасынан (ҚМДБ) бөлініп, тәуелсіз ұйымға айналды. Рәтбек қажы Нысанбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы және Жоғарғы мүфти болып сайланды.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы Құранның қазақ тіліне аудармашысы, Ұ. Қыдырханұлымен бірлесіп жазған және ислам туралы бірнеше кітаптың авторы ретінде де танымал. 2020 жылы Қазақстан президентінің Жарлығымен діни және рухани өмірге сіңірген еңбегі үшін “Парасат”орденімен марапатталды.
Ратбек қажы Нысанбайұлы Қазақстан исламының тарихында және елдің рухани өмірінде елеулі із қалдырды.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)