Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Мысырды бару ұсынылмайтын елдер тізімінен шығарды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Мысыр Араб Республикасының бару ұсынылмайтын мемлекеттер тізімінен шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, бұл шешім Мысырдағы қазіргі жағдайды, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымның, оның ішінде халықаралық әуежайлар мен туристік аймақтардың жұмыс істеу жағдайларын ескере отырып қабылданған.

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалдың әлі де шиеленісті болып қалуына, сондай-ақ өңірдің бірқатар мемлекеттерінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты келесі елдерге жағдай толық тұрақтанғанға дейін сапарлардан бас тарту ұсынылатынын еске салды: Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Оман және Сирия.

“Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту, ықтимал қауіпті аймақтарға барудан бас тарту, жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтау, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға бару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу қажеттігі тағы да еске салынады”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасап, өңірдегі бару ұсынылмайтын елдердің тізімін жариялаған еді. Аталған тізімге қазақстандықтар арасында танымал бағыт Мысыр да кірген. 

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 20:58