Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Иран халқына көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына көңіл айтамыз”, – делінген хабарламада.
Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіретінін жеткізген.
-
Тоқаев Катар әмірімен сөйлесіп, Таяу Шығыстағы жағдайды білді
-
Тоқаев БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті
Оған қоса, Ерлан Жетібаев мәлімдемеде халықаралық даулар мен қақтығыстарға қатысты Қазақстанның ұстанымын баяндаған.
"Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді. Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды. Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз", – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
Орын алған оқиғаларға байланысты Тоқаев шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, еліміз қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін жеткізген еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді