Жамбыл облысында балалар жаппай уланды: Біреуі жансақтау бөлімінде жатыр
17 наурызда Жамбыл облысы Меркі ауылында орналасқан "Нұрай" мектепке дейінгі білім беру орталығының 10 тәрбиеленушісі Меркі аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: zn48.ru
Тоғыз балаға жедел ішек инфекциясы, ал бір балаға энтеровирусты инфекция диагнозы қойылды.
"Бір тәрбиеленуші жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады", – деп мәлімдеді Жамбыл облысының әкімдігі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, әр жағдайды мұқият зерттеп жатыр. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.
"Қажет болған жағдайда ауруханада қосымша төсек-орындар дайындалады. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бүгінде Меркі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Барлық сынама алынды, сараптама қорытындысын күтіп жатырмыз", – деп хабарлады әкімдік.
Оқу орталығының қызметі екі күнге тоқтатылды. Ғимаратта дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Тексеру нәтижелері бойынша құзырлы орган тиісті шешім қабылдайды. Қазір жағдай тұрақты, бақылауда", – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда 57 адам, соның ішінде 17 бала суши мен ролл жеп уланып қалған еді. 22 адам қалалық орталық ауруханаға жатқызылды.