Қазақстанда мемлекеттік қолдауды жылдар бойы бір компаниялар алып келген

Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанның Даму банкін қатаң сынға алды. Смайыловтың айтуынша, Қазақстанның Даму банкі өнеркәсіпті дамытудың тиімді институты болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары банктің қызметі көптеген сұрақ тудырып отыр.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазақстанның Даму банкінің жұмысына жеке тоқталғым келеді. Бұл банк шын мәнінде өнеркәсіпті дамытудың пәрменді құралына айналуы қажет. Бірақ біз соңғы жылдары оның қаржы-өнеркәсіптік және олигархиялық топтарға жататын шектеулі адамдар үшін “жеке банкке” айналғанын көріп отырмыз. Арзан әрі ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына қол жеткізе отырып, олар басқа кәсіпкерлерге қарағанда бәсекелестік артықшылыққа ие болуда. Мұндай ресурстар жекелеген тұлғаларды қолдауға емес, өңдеуші сектордағы орта және ірі бизнесті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға бағытталуы тиіс", - деді ол.
Жоғары аудиторлық палата басшысының сөзінше, қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, өндірістік қуаттардың кеңеюіне қызмет етуі керек. Ал мұндай ресурстардың санаулы компанияларға артықшылық беруге жұмсалуы ел экономикасына нақты пайда әкелмейді.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, қолдау шараларының қайталануы және ұқсас болуы салдарынан Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілік айқындалмаған.
Көптеген даму институттары Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры, "ҚазИндастри" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, "ҚазТрейд" сауда саясатын дамыту орталығы және т.б. операторлары құрылды. Оларда тиімділікті анықтау, талдау жүйесі қалыптаспаған.
Мемлекет басшысының "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ.
Сондай-ақ, бір субъектінің әртүрлі операторлардан, әртүрлі қолдау құралдары арқылы үнемі қолдау алу жағдайлары анықталды.
"Терра" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 19 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы 17 млрд 11 млн теңге сомасына үздіксіз қаржылық қолдау көрсетілген (2015-2024 ж.ж.); "Актеп" ЖШС – 13 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы (2015-2024 ж.ж.) 11 млрд 679 млн теңге сомасына қолдау көрсетілген; "Полтри Агро" ЖШС – 2019 жылғы мамырда құрылған. Ал, 2020 жылдан бастап 4 жыл бойы (2020-2023 ж.ж.) 7 қолдау құрал арқылы 2 млрд 932 млн теңге сомасына үздіксіз қаржылық қолдау көрсетілуде", - деді депутат.
Бұған қоса, Сабильяновтың айтуынша, бұл кәсіпорындар салық жеңілдіктерін де пайдаланған (инвестициялық келісімшарт негізінде импорт кезінде қосылған құн салығын және кедендік әкелу бажын төлеуден босату бойынша).
"Сондықтан, бір субъектіге қайта-қайта бірнеше мемлекеттік қолдау түрін көрсетуді тоқтату керек. Тиісінше, уәкілетті органдар әрбір мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігін бағалап, талдауды қамтамасыз еткені жөн", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігін бизнесті қолдау көлемі туралы деректерді кемітіп көрсеткен деп айыптаған еді.
Супермаркеттер желісі қазақстандық өндірістің макарон өнімдерін сөрелеріне қоюдан бас тартты