Қазақстанның бірнеше өңіріндегі ауылдар жойылмақ
Қазақстанның бірнеше өңірдегі ауылдарды жою туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
"Ашық НҚА" порталында жарияланған құжатқа сәйкес, Ақтөбе облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаттың шешімімен Үйіл ауданына қарасты Үйіл ауылдық округінде орналасқан Екпетал ауылы таратылды.
Жалпы көлемі 3536 гектарды құрайтын таратылған ауылдың аумағы Үйіл ауылының құрамына енгізіледі. Осыған байланысты Үйіл ауылының шекарасы өзгертіліп, жалпы ауданы 34 650 гектарға жетті.
Құжат 6 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаттың шешімімен Созақ өңіріндегі бірнеше елді мекенді жою туралы шешім қабылданды:
- Құмкент ауылдық округіндегі Қызылқанат ауылы;
- Созақ ауылдық округіндегі Шақырық ауылы;
- Шолаққорған ауылдық округіндегі Теріскей ауылы;
- Шолаққорған ауылдық округіндегі Жеткіншек ауылы.
Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 45 ауыл жойылатыны туралы жазған едік.