Қазақстанның бірінші ракеткасы жас бүлдіршіннің тұсауын кесті

5 ақпанда Астанада теннистен Дэвис кубогі аясында Монако мен Қазақстан құрамалары арасындағы жеребе тарту рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған іс-шара барысында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Аян есімді кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Айта кетейік, тұсау кесу қазақ халқының сәбидің қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетуін тілеп жасайтын дәстүрлі ғұрпы. Рәсімге арнайы ала жіп дайындалады.
Оның мәні баланың біреудің ала жібін аттамай, адал азамат болып өсуін тілеу. Ал тұсауды елге танымал немесе белгілі бір салада жетістікке жеткен жандарға кестіреді. Бұл "сол адамның жолын берсін" деген ниеттен туған ырым.
Александр Бублик қаңтар айында Гонконгта өткен ATP 250 турнирінде топ жарып, осы жетістігінің арқасында әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді. Осылайша, ерлер арасындағы (ATP) рейтингтің ТОП-10 қатарына алғаш рет қазақстандық теннисшінің есімі жазылды.
Рәсім барысында бүлдіршін "ақ жол" жолағымен жүріп өтіп, теннис добын таңдады. Мұны шараға қатысушылар жақсылыққа балап, Аян Болатұлына ақ тілектерін жаудырды.
Сондай-ақ елордада 6 –7 ақпан күндері Дэвис кубогі аясында теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы мен Монако командасы өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан теннистен әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына енді
Дэвис кубогі (Davis Cup) ерлер арасындағы ең ірі халықаралық командалық теннис жарысы. Қазақстан ұлттық құрамасы бұл додаға тұрақты түрде қатысып келеді.
Айтулы бәсекенің жеңімпазы әлемдік элитадағы орнын сақтап қана қоймай, 2026 жылдың қыркүйегінде өтетін 2027 жылғы финалдық кезеңге іріктеу жолындағы тартысқа қатысу мүмкіндігіне ие болады.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр