Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 16 жасқа дейінгі волейболшы қыздары Орталық Азия чемпионатында топ жарды

Фото: ҚВФ

Душанбе қаласында 16 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен Орталық Азия волейбол қауымдастығының (CAVA U16) чемпионатында отандастарымыз чемпион атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы турнир бойы мықты ойын көрсетіп, қарсыластарына бірде-бір партияда есе жібермей, алтын медальға қол жеткізді.

Финалда қазақстандық волейболшы қыздар Өзбекстан құрамасын 3:0 (25:17, 25:18, 25:14) есебімен айқын жеңіп, өздерінің аймақ бойынша үздік команда екенін дәлелдеді. Бұл — Қазақстан құрамасы үшін осы жас ерекшелігіндегі екінші чемпиондық титул. Бұған дейін дәл осындай жеңісті 2023 жылы да иеленген еді.

Турнир 1–7 шілде аралығында Тәжікстан астанасында өтті. Жарысқа Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан командалары қатысты. Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Қырғызстан мен Тәжікстанды да 3:0 есебімен жеңді.

Жарыс қорытындысы бойынша бірнеше ойыншы жеке марапаттарға ие болды. Олардың қатарында команда капитаны Асылы Абитай, сондай-ақ Маргарита Вагнер мен Ульяна Кокина бар.

Бұл жеңіс Қазақстан U16 құрамасына 2025 жылдың қарашасында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына жолдама береді. Команда енді екі дүркін Орталық Азия чемпионы ретінде құрлықтық додаға қатысады.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 09 Шілде, 2025 13:33
Талқылау