Қазақстанға келген қандастарды қоныстандыру бойынша Алматы облысы көш бастап тұр
Биыл 6114 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Олардың ең көбі Алматы облысына қоныстаныпты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елге келген қандастар статистикасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жазды. Дерекке сүйенсек, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 6 114 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Ал жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 112,6 мың этникалық қазақ оралыпты.
Биыл елге келген қандастардың жартысы (53,9%) Өзбекстаннан, 19,1%-ы – Қытайдан, 12,1%-ы – Ресейден, 5,6%-ы – Түрікменстаннан, 5,7%-ы – Моңғолиядан және 1%-ы басқа елдерден қоныс аударған.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,2%), Маңғыстау (13,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (5,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (11%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 68,8%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,9%-ды және зейнеткерлер 8,3%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 18%-ы жоғары білімді, 38,6%-ы орта кәсіби білімді, 37,4%-ы жалпы орта білімді және 5,9%-ының білімі жоқ.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
