Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанға ең көп турист қай елден келеді

Фото: Ақорда

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанға туристік мақсатпен 15,3 миллион шетелдік қонақ келген. Бұл – жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегендегі көрсеткіш. Негізінен Қазақстанға ең көп турист Қытайдан келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік Қазақстанға ең көп турист келетін үздік бес елді атады. Олардың ішінде Қытай көш бастап тұр.

2024 жылы Қазақстанға 655 мың Қытай азаматы келген. Екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі мен әуе қатынасының ұлғаюы туристер санының айтарлықтай артуына ықпал етті.

Қазақстанды аралауға Үндістан халқы да әуес. Өткен жылы елімізге үндістандық 146 мың турист келген. Елдер арасындағы тікелей әуе рейстері, визалық режимнің жеңілдеуі және туристік бағыттардың дамуы Үндістан азаматтарының елімізге деген қызығушылығын арттырды.

Үшінші орында – Түркия. Былтыр Қазақстанға 130 мың түрік азаматы саяхат жасаған. Бұған тұрақты әуе қатынасы мен мәдени-іскерлік байланыстардың нығаюы әсер етіп отыр.

Қазақстанға келетін туристер саны бойынша Германия төртінші орында. Өткен жылы елімізге германиялық 92 мың турист келген. Олар Қазақстанның этнотуризм, табиғи және мәдени нысандарына ерекше қызығады. 



Бесінші орынға Оңтүстік Корея орнықты. 2024 жылы Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 40 мыңға жуық турист келген. Оңтүстік Кореядан келетін туристер саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Бұған екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің қолжетімді болуы, визалық режимнің жеңілдеуі, сондай-ақ Қазақстанның табиғатына, ұлттық тағамдары мен мәдени мұрасына деген қызығушылықтың артуы оң әсер етіп отыр.

Қазақстанға туристік мақсатпен 15,3 миллион шетелдіктің ішінде 10,4 миллион адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына енді. Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн.

Бұған дейін туризм министрлігі Қазақстандағы туристерге жасалатын жағдайлар туралы айтқан еді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 17:05
Талқылау