Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға 2026 жылы Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс секілді әлемдік жұмдыздар келмек

Фото: Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс

Халықаралық онлайн-платформаларда Қазақстанға арналған туристік турлардың саны үш есе артқаны байқалады. Биыл еліміз әлемдік шоу-индустрия жұлдыздарын қабылдауға дайындалып жатыр. Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және өзге де танымал әртістердің қатысуымен өтетін ірі концерттік іс-шаралар елдегі фестиваль туризмін жаңа деңгейге шығармақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Талғат Ғазизов қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар елдің туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын күшейтіп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 2026 жылы Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және өзге де әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Фестиваль туризмін жобалау және ілгерілету мақсатында арнайы штаб құрылды. Азия мен Таяу Шығыстың мақсатты қалаларында, сонымен қатар Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапур қалаларында 10 роуд-шоу өткізу көзделген.

Оның айтуынша, мәдени, этномәдени, спорттық, экологиялық және гастрономиялық бағыттағы іс-шараларды қамтитын бірыңғай іс-шаралар күнтізбесі қалыптастырылған. Аталған күнтізбеге еліміздің барлық өңірін қамтитын 55 негізгі іс-шара енгізілген. Аталған бастамалар аясында туристік өнімдердің географиясы мен түрлері айтарлықтай кеңейді. Қазіргі таңда ТМД, Еуропа және Азияның 18 ірі онлайн-платформасында Қазақстан бойынша 1100-ден астам туристік тур ұсынылған.

"Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есе өсімді көрсетіп отыр. Биыл өңірлерге басымдық бере отырып, турлар санын одан әрі арттыру міндеті қойылып отыр", – деді Талғат Ғазизов.

Қазақстанның шетелдегі туристік имиджін ілгерілету мақсатында Euronews Travel, Amazon Prime Video, Бірінші арна және Францияның M6 телеарнасында арнайы материалдар көрсетіліп, негізгі нысаналы нарықтарды қамту қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қазақстанның Қытайдың Weibo, WeChat, Rednote әлеуметтік желілеріндегі және әлемдік жетекші цифрлық платформалардағы қатысуы тұрақты түрде дамып келеді. Өткен жылы 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 тур ұйымдастырылды. Осы жылға арналған жоспарлар алдағы уақытта қосымша жарияланатын болады.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға келген әлемдік жұлдыздар ел экономикасына елеулі табыс әкелгенін жазған едік. Алматы әкімдігінің мәліметінше, Дженнифер Лопестің концертінен қала экономикасына 10 миллиард теңгеден астам кіріс түскен, оның шамамен 600 миллион теңгесі салық ретінде бюджетке аударылған. Астанада өткен концерттен 6,5 миллиард теңге табыс түсіп, бюджетке 400 миллион теңге салық түскен. Ал Backstreet Boys концерті елорда экономикасына шамамен 7,8 миллиард теңге пайда әкелсе, "Қайрат" пен Real Madrid арасындағы матчқа келген шетелдік туристердің шығындары да қомақты болды. Сарапшылардың бағалауынша, аталған ірі event-іс-шаралар ел экономикасына жалпы есеппен 45 миллион АҚШ долларына дейін табыс әкелген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 11:32