Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар педофил туыстарынан қалай зорлық көргенін ашық айта бастады

Украиналық әйелдер “#менайтуғақорықпаймын” (#яНеБоюсьСказать) атты флешмоб бастап кетті. Аталмыш флешмобқа еліміздегі педофилдердің құрбандары да қосылып, туысқандарынан қалай жәбір көргендерін баяндады.

ббб

Бұл туралы “Алаш айнасы” басылымы хабарлайды.

Украиналық журналист Анастасия Мельниченко барлық педофилдің құрбанына айналған нәзік жандыларды үнсіз қалмауға шақырды.

Одан кейін журналиске ‪”#менайтуғақорықпаймын” хэштегі арқылы зорлық көрген жүздеген бойжеткен қосылған. Олардың арасында қазақстандық Айнұр Нұрсейітова бар.

“Әкесінің қамқорлығында жүрген маған он бір жасымда қонаққа келген мас туысқан тиіскен. Ол кезде мен адам анатомиясы туралы көп кітап оқып, сексуалды өмір туралы азын-аулақ білетінмін. Әкем ол тұрғыдан кітаптар беріп, сауатымды ашпағанда, мен әлгі ағаның маған не істемек болғанын ұқпас та едім. Ол мені қараңғы бөлмеге ертіп алып барып, “Келші, бетіңнен бір сүйейін” дегенде бастапқыда жаман ойы барын білмедім. Кейін ол қасына жатқызып, қол жүгіртіп, ернімді қанағанша сүйе бастағанда мен жылап, бар күшіммен оны итеріп жібердім. Одан құтылып үлгердім, дегенмен сол әрекеті үшін қатты ұялған едім”, – деп есіне алды Нұрсейітова.

Бойжеткен сол жайттан кейін інісі мен әкесінен өзге ешбір ер азаматқа сенім білдіре алмай келген.

“Осы жайттан кейін мен, тіпті туған ағаларыммен бір бөлмеде ұйықтаудан қорқатынмын. Болған жайтты тек жиырма жыл өткесін анама ғана айта алдым. Себебі анам тағы да бізге қонаққа туысқандар келетінін айтты. Қызының басы төмен түсіп, ерні қанап, елдің көзіне қарай алмай жүргенін байқамағаны үшін анама ренішімді айттым. Дегенмен жиырма жыл өтсе әлгі оңбаған педофилді тауып, өлтіріп тастай ма деген қорқынышпен әкеме сол беті айта алмадым”, – деп жалғастырды Айнұр.

Дінарко Қасымбекова есімді тағы бір қолданушы педофилден жәбір көрген екен.

Екі қабатты үйдің бірінде ойнап отырған он жасар қыз балаға 15 жастағы жиені келіп, бір қызықты “ересектердің ойынын” ойнауға ұсыныс жасайды.

Бәрі еріннен сүюден басталып, кейін әлгі жеткіншек қыз баламен жыныстық қатынасқа түседі. Ол кезде өзінің ұятты әрекетке барып жүргенін түсінбеген қыз бала жаз бойы ересектер үйде жоқ кезде жиенімен осылай ойнап жүрген.

“Сол он жасар қыз мен едім. Кейін бұрыс дүние жасағанымды түсіне бастап, жиенімнен қашқақтайтын болдым. Ал бұл туралы ата-анам әлі күнге дейін түк білмейді”, – дейді Қасымбекова.

Одан кейін бойжеткен 23 жасында да зорланған.

“Алматы. Жаңбырлы күн. Жұмыстан келе жатқанымда айнала тым-тырыс болды. Бір кезде қараңғы бұрылыстан өте бергенімде артымнан бір жігіт соққы жасады. Есімнен танып қалдым. Ол менің денемді басқа жаққа сүйреп апарып, әмианымды алып, тайып тұрған. Есімді жиғасын, таксимен үйге зымырадым. Ата-анама жеткенде ғана зорланғанымды түсіндім”, – дейді бойжеткен.

Флешмобқа Айнұр Әбсеметова есімді тұрғын да қосылған.

“Маған тоғыз жасымда студент ағам үш түн бойы тиісуге әрекет еткен. Мен қорғану үшін жастығымның астына қайшы секілді өткір заттар жасырмайынша, ұйқыға жатпайтынмын. Өзге бөлмеде ата-анам ұйықтап жатты. Анам менің не үшін тоқтаусыз жылағанымды түсінген жоқ. Мен қатты қорқып, қатты ұялғаннан болған жайтты дұрыстап түсіндіре алмадым. Ал жылауымды тек анам қатты шапалақпен ұрғанда ғана қоя алдым”, – деп есіне алды Әбсеметова.

Бойжеткенді 17-18 жасында тағы екі рет зорлаған.

“Бейтаныс адам сеніміңе кіреді (ортақ таныстары барын желеу етіп), күштеп сені сүйреп әкетеді, кейін зорлап, ісін тындырғасын есіктен лақтыра салады. Мен өзіме сенімді қайтара алмай көп қиналдым”, – дейді Айнұр.

Талқылау