Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға заңсыз микроқаржы ұйымдарына қарызын қайтармауға рұқсат берілді

қарызФото: shutterstock

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов заңсыз микроқаржы ұйымдарының құрбаны болған азаматтар қаражатты қайтаруға және заңсыз есептелген пайыздарды төлеуге міндетті емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елемесовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ведомство азаматтарды қарызға батыруға итермелейтін тұлғалар мен компанияларды жүйелі түрде тексеріп жатыр. Қазірге дейін 17 қылмыстық іс тіркеліп, олардың зияны 400 миллиард теңгеден асты. Бұл алаяқтықтан 400 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен.

Анықталған жағдайлардың арасында "Актив Ломбард", "Актив Маркет" және Алматыдағы бірнеше микроқаржы ұйымы бар.

Заңсыз микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздарды төлемеуге болады.

"Қазақстандықтар заңсыз есептелген пайыздарды төлеуден босатылған. Тергеліп жатқан қылмыстық істер шеңберінде олар бізге жүгініп немесе келісімшарттардың жарамсыз екенін дәлелдейтін азаматтық талап арыздарымен сотқа шағымдана алады", — деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.

Елемесовтың айтуынша, "Актив Маркет" қызметінен зардап шеккендердің бір бөлігі әлі де кепілге қойған мүлкін қайтара алады. Бұл пайызбен қарыз алған және зардап шеккендер базасына енген азаматтарға қатысты.

"Кей азаматтар өз мүлкін тапсырған, бірақ ақша төлемеген және ақырында оны жоғалтқан. Өйткені "Актив Маркеттің" негізгі қызметі комиссиялық саудамен байланысты. Олар бәлкім, енді өз тауарларын қайтара алмайды. Ал пайызбен қарыз алған және қазір біздің тізімде тұрғандар мүлкін қайтара алады. Бұл заттар "Актив Маркеттің" қолында, себебі олар қылмыстық іс аясында тәркіленген жоқ. Пайыздарын төлеудің де қажеті жоқ", — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде "Актив" ломбардының бөлімшелері жұмысын тоқтатты. Ломбард иесі Сергей Койнов қамауға алынды. Оның еліміздің әр өңірінде 200-ге жуық филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асырылған.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 16 Қазан, 2025 13:30
Талқылау