Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев мектептер мен ЖОО-ларда жаңа пән енгізуді ұсынды

Президент мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржы және цифрлық сауат негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет деп отыр. Оның айтуынша, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pexels.com

"Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтырды. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, "Amanat" партиясы ұсынған "Қарызсыз қоғам" жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржы сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржы және цифрлық сауат негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет екенін баса айтты.

"Бұл жұмысты үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс", – делінген президенттің 2 қыркүйекте айтқан жолдауында.

Қазір "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заң жобасы әзірленіп жатыр деді Тоқаев. 

"Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді", – деп сөзін түйіндеді ел басшысы.

Талқылау