Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы қаржысын емделуге және үй алуға жұмсауға тыйым салмақ: Елде жаңа зейнетақы жүйесі дайындалып жатыр

Елімізде Елена Бахмутова, Қадыржан Дамитов, Ораз Жандосов, Анвар Сайденов и Григорий Марченко зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Ұсыныстар қатарында азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (әрі қарай БЖЗҚ) қаржысын емделуге немесе үй алуға жұмсауға тыйым салу да бар. "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясының тәуелсіз директоры Болат Жәмішев зейнетақы жүйесіндегі реформаның кей тұстарын түсіндіріп өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes Kazakhstan сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

зейнетақы

Фото: pixabay.com

Болат Жәмішевтің сөзінше, сарапшылар БЖЗҚ-дағы қаржыны емге және баспана алу үшін жұмсауға тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл Сингапурдан алынған үлгі екен. Бірақ мамандар бұл тәжірибе біздің елде қолдануға келмейтінін айтады. Сондықтан барлығы емес, зейнетақы шотында қаржысы жеткілікті азаматтар ғана бұл норманы қолдана алғаны жөн деген қорытындыға келген.

Сонымен қатар бастамашылар елдегі базалық зейнетақыны есептеу механизмін өзгертуді ұсынған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болса, күнкөріс деңгейі 43 407 теңге деп бекітілген. 

Реформаға сәйкес сарапшылар базалық зейнетақыны ең төменгі жалақы арқылы есептеп, медианалық жалақының 50%-на дейін өсіруді ұсынып отыр. 

Медианалық жалақы дегеніміз – азаматтардың орташа жалақысының бір түрі, яғни барлық жұмыскерлердің 50%-ның жалақысы медианалық есептен жоғары болса, 50%-ның еңбекақысы медианалық жалақыдан төмен дегенді білдіреді.  

Сонымен қатар инфляцияны ескере отырып жыл сайын 2% көлемінде индексация жүргізу керек дейді. Осылайша базалық зейнетақы көлемі ең төменгі жалақының 80%-на теңеспек. Сарапшылар тобы зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын мемлекеттік шығындарды бір деңгейде ұстап тұру керек деп есептейді. Бүгінде мұндай шығындар жалпы ішкі өнімнің 2,8%-на тең. Дегенмен экономика мен жалпы ішкі өнім артқан кезде зейнетақы да көбейіп отыруы үшін бұл көрсеткішті 3%-дан азайтпау керек екен. 

Ал азаматтар зейнетақы жүйесіне толық қатысуы үшін базалық зейнетақы мөлшерін бірыңғай жинақтау жүйесіне қатысу уақытымен есептеу керек деп есептейді. Сәйкесінше азамат зейнетақы жүйесіне қаншалықты ұзақ ақша құйса, базалық зейнетақы мөлшері де артады. 

Сарапшылар тобы ұсынған келесі өзгеріс – БЖЗҚ-ға жұмыс берушілер құятын міндетті зейнетақы жарнасын қолдану жүйесін өзгерту. Бүгінде жұмыс беруші әр қызметкер үшін БЖЗҚ-ға қосымша 5% көлемінде жарна құйып отыруы керек.

Сарапшылар жалақы көлемінің 4%-ын жеке зейнетақы шотына аударуды ұсынады. Қазір жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы БЖЗҚ-дағы ортақ есепшотқа түсіп отырады. Сондықтан қолданыстағы зейнетақы жүйесінде шотында ақшасы таусылған адамдарға қатысты қатер ескерілмейді дейді. Мәселен, азаматқа 89-90 жасқа дейін тұрақты түрде зейнетақы төленіп отырса, бұдан кейін ұлттық төлем жүйесінен берілетін төлем тоқтайды. Сәйкесінше азаматтар 90 жастан асқан соң зейнетақы төлемінсіз қалуы мүмкін. 

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының қалған 1%-ы азаматтарды зейнетақысыз қалу қатерінен қорғау үшін жұмсалуы керек. Бұл мақсатта Болат Жәмішев кепілдендірілген өмір бойғы төлем шоты ашылып, 1% көлеміндегі қаражат осында аударылады дейді. Кепілдендірілген өмір бойғы төлем шоты БЖЗҚ-да құрылуы керегін атап өтті. 

Сарапшылар ұсынған тағы бір өзгеріс өзін жұмыспен қамтығандарға қатысты, яғни мұндай азаматтар тобы ұлттық төлем жүйесіне ең төменгі жалақының 10% (2024 жылғы көрсеткіш бойынша бұл 8,5 мың теңгеге тең) көлемінде төлем енгізіп отыруы қажет. Егер азамат ұлттық төлем жүйесіне 12 ай бойы төлем енгізсе, мемлекет тарапынан тағы 5% көлемінде қосымша ақша құйылады. Бұл зейнетақы алымы бойынша тиімді ставка мәселесін шешеді. Ал бұған арналған бюджет шығыны жалпы ішкі өнімнің тек 0,08%-на тең болады екен. 

Талқылау