Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға 10 соттық тегін жер берудің тәртібі өзгерді

Қазақстандықтарға берілетін 10 соттық тегін жер енді тек инфрақұрылым тартылған аймақтардан ғана үлестіріледі. Осылайша су мен жарық келмеген жерлерге үй салуға рұқсат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: DifferR/shutterstock.com

Мәліметтерге сенсек, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлер су құбыры мен электр желісі тартылған аумақтардан ғана беріледі. 

Бұған дейін мұндай талап болған жоқ. Сәйкесінше 4 миллионнан астам қазақстандық өзі қалаған аймақтан жер белгілеп, өтініш берген. Енді олардың көрсеткен аумағында дәл осы желілер тартылмаса, кезек жылжи бермек. Аталған ауыл, ауданда міндетті түрде су мен жарық болуы керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұрынғы кезекте тұрған азаматтардың кезегі сақталады, қайта өтініш беруді қажет етпейді. Кезекте тұрғандардың тізімі жергілікті атқарушы органның автоматтандырылған жұмыс орнында, арнайы есепке қойылуына қарай қалыптастырылады.

Сонымен қатар ережеде жер өтініш арнайы есепке қойылғаннан кейін беріледі делінген. Ал арнайы есепті жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Егер аймақ үй салу мақсатында пайдаланылмаса, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады. Айта кетейік, жаңа талаптардың өзгеруі азаматтарға жер кезексіз берілмеуі үшін жасалып отыр.



Еске салайық, жер ресурстарын басқару комитетінің дерегіне сүйеніп, 2024 жылдың наурыз айы бойынша Алматы облысында 1 210 569 адам 10 соттық жерін күтіп отырғанын жаздық. Бірақ Алматы жер телімін алуға ниетті бірде-бір адам жоқ жалғыз қала болып тіркелген. Олар жай ғана азаматтардың өтініштерін қабылдамайтын көрінеді. Бұл ретте комитет “елді мекендерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беруге мораторий белгіленбегенін” атап өтті.

Талқылау