Қазақстандықтардың жасырын табысын анықтау үшін жанама әдіс қолданылады

Фото: freepik.com
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның салық органдары азаматтардың жасырын табыстарын анықтау үшін жанама әдісті қолдана бастайды. Тиісті бұйрыққа 2024 жылғы 28 қазанда қаржы министрі Мәди Тәкиев қол қойды. Құжат жаңа Салық кодексін іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұйрыққа сәйкес, егер азаматтың шығысы (мүлік, сатып алулар) оның ресми табысымен сәйкес келмесе, салық органдары оның нақты шығыстарын және алдыңғы жылдардағы табысын ескеріп, табысы мен салық сомасын қайта есептейді.
Жаңа ереже іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, бірақ жеке кәсіпкер немесе жеке практика жүргізуші ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға қатысты қолданылады.
Жанама әдіс мына жағдайларда қолданылады:
• салық төлеуші есеп жүргізудің белгіленген тәртібін бұзған (операцияларды толық көрсетпеген немесе қателік жіберген);
• есеп құжаттары (чек, шот, келісімшарт және т.б.) жоғалған немесе жойылған жағдайда.
Мемлекеттік кірістер органдары келесі үш әдісті пайдаланады:
• активтер құнының өсу әдісі;
• шығындарды есепке алу әдісі;
• банктік шоттардағы ақша қозғалысын талдау әдісі.
Жасырын табыс пен мүлікті анықтау кезінде салық органдары мыналарды ескереді:
• банктік шоттардағы қалдық пен ақша айналымы, несиелер және ипотекалық төлемдер;
• мүлік пен бағалы қағаздарға қатысты мәмілелер, медицина мен білімге, сақтандыру мен әлеуметтік төлемдерге жұмсалған қаражат;
• шетелдегі активтер;
• салық есептілігі мен тексеру деректері, соның ішінде салық төлеушінің серіктестері туралы ақпарат;
• басқа да расталған ресми дереккөздерден алынған мәліметтер.
Қажет болған жағдайда салық органдары банктерден, мемлекеттік және шетелдік мекемелерден, сондай-ақ тауар жеткізушілерден, тапсырыс берушілер мен сатып алушылардан қосымша ақпарат сұрата алады. бұл мәліметтер тауарлар мен қызметтердің нақты құнын тексеруге мүмкіндік береді.
Жиналған деректер салық төлеушінің ресми есептілігімен салыстырылып, жанама әдіспен есептелген нәтижелер салықтық тексерулер мен өзге де бақылау түрлерінде пайдаланылады.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді