Қазақстандықтардың үштен бірі ғана орташа жалақыдан жоғары алады
Қазақстанда 2024 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы – шамамен 400 мың теңге. Елдегі ірі және орта кәсіпорындардағы қызметкерлердің 28,9%-ы ғана орташа деңгейден жоғары жалақы алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 993,5 мың адам орташа жалақыдан көп ақша алады.
Өңірлер бойынша Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облыстары жоғары жалақы алатын жұмысшылардың үлесі бойынша көш бастап тұр.
Ұлытау өңіріндегі ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің 50,4%-ы, яғни 28,6 мың адам 400 мың теңгеден астам жалақы алады.
Маңғыстау облысы екінші орында. Орташадан жоғары жалақы алатындардың үлесі – 43% немесе 63,1 мың жұмыскер.
Үшінші орында Атырау облысы – 400 мың теңгеден жоғары жалақысы бар жұмысшылардың 41,1%-ы немесе 76,5 мың адам.
Соңғы үштікте Жамбыл, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.
Жамбыл облысында тіркелген ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін барлық қызметкердің тек 18,6%-ы республикалық орташа жалақыдан жоғары алады. Жетісу облысында – 18% немесе 17,1 мың адам. Ең соңғы – Солтүстік Қазақстан. Онда орташадан жоғары жалақысы бар 15,9 мың адам жұмыс істейді, бұл облыстағы барлық қызметкердің – 17,1%-ы.
Еске сала кетейік, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмысшы болып саналмайды. Ұлттық статистика бюросы жалақыны есептеу мақсатында 3,4 миллион жалдамалы қызметкерді есептеді.