2024 жылдан бастап қазақстандықтардың қандай мобильді аударымдары тексеріледі
Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Неліктен мұндай қадағалау енгізіліп жатыр және өзгерістер кімдерге әсер ететініні туралы Астана қаласы бойынша кірістер департаменті мәлімет берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік кірістер комитетіне қатарынан үш айда 100 түрлі тұлғаның жеке банк шоттарына аударымдары туралы ақпарат келіп түскен. Банктер деректерді белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін адамдар бойынша ғана береді. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар түссе, яғни кәсіпкерлердің белгілері болған жағдайлар жатады", – деп түсіндірді Астана қаласы бойынша мониторинг басқармасы басшысының м.а. Әнуар Бекжұманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әнуар Бекжұмановтың айтуынша, қазіргі уақытта ақпарат мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайлары үшін 2022 жылға ғана қолжетімді болып отыр.
Банктердің мәліметтері белгіленген критерийлер бойынша ғана кезең-кезеңімен іске асады:
1. 2023 жылдан бастап – 2022 жылдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;
2. 2024 жылдан бастап – 2023 жылдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары;
3. 2025 жылдан бастап – 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары;
4. 2026 жылдан бастап – 2025 жылдың қорытындысына сәйкес халықтың қалған санаттары бойынша.
Мониторинг басқармасының мәліметінше, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығаруға бағытталған.
"Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемдерді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіліп жатыр. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Мемлекет барлық мобильді аударымды тексермейтінін атап өткен жөн", – деді Әнуар Бекжұманов.
Спикер жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды қабылдап және жібере алатынын атап өтті. Яғни туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірге қажетті жағдайларда аударым жасай алады.
Айта кетейік, мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені мұндай аударымдарды бір ретке қана жасауға болады.
"Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе, жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Кәсіпкерлерге арнайы бизнес-шоттарға төлем қабылдау ұсынылады", – деп толықтырды Әнуар Бекжұманов.
Спикердің айтуынша, кәсіпкерлердің қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартуы заңсыз әрекет болғандықтан, тұтынушылардың құқықтарын бұзады. ҚР "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңының нормаларына сәйкес төлемнің әртүрлі тәсілдері – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен көзделген.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілік көзделген
Ескертетін жайт, кәсіпкер қайта заңсыздық жасаған жағдайда 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).