Қазақстандықтардың автокөлігі утиль алымға тапсырылмаған жағдайда ақшалай өтемақы немесе сертификат беріледі
Қазақстандықтар ескі автокөліктерін өткізетін жер таппай жүр. Егер олардың автокөлігі утиль алымға кетпеген жағдайда ақшалай өтемақы немесе жаңа автокөлік сатып алуға арналған сертификат ұсынылады. Алайда елде бар қабылдау пунктерінің жұмысы тұрақты емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сенсек, ведомсвто ескі автокөліктер мен ауылшаруашылық техникаларын қайта өңдеуге арналған жаңа бағдарламаны әзірлеп жатыр. Жоспарға сәйкес, бағдарламаға кез келген қара металды қайта өңдеу кәсіпорындары қатыса алады. Яғни бір ғана монополист мекемеге тәуелді болмайды. Бұл өзгерістер кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және өңдеуге арналған пунктер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа бағдарлама нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Бағдарлама қабылданғаннан кейін, қабылдау пункттері мен олардың мекенжайлары туралы ақпарат "Жасыл даму" операторының ресми сайтында жарияланады.
"Жалпы Жол" жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Әрсен Шакуов Қарағанды облысындағы зауыт жұмыс істеп тұрғанын, оны жеке инвесторлар иеленіп, қаражат құйғанын айтты.
Дегенмен заңнамалық мәселелерге байланысты утиль алым бір иеліктен екіншісіне өту кезеңінде тоқтап қалған. Осыған орай Қостанай облысындағы зауыт та уақыт өте келе жекеменшікке өтеді деп жоспарланып отыр.
Автокөлік иелеріне ескі көлікті тапсырғаны үшін жаңа отандық автокөлік сатып алуға арналған жеңілдік сертификаты немесе ақшалай өтемақы беріледі. Жеңілдік сертификаты – Қазақстан аумағында өндірілген экологиялық таза көлік құралдары немесе ауылшаруашылық техникасын сатып алуға арналған құжат. Ол берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі бағдарламаның нақты қашан басталатынын әлі нақтылаған жоқ. Қабылдау пунктерінің тізімі мен олардың мекенжайы нормативтік-құқықтық акт жобасы қабылданғаннан кейін "Жасыл даму" операторының ресми сайтында жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін 19 шілдеде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымына қатысты петицияны қарастырудың қорытындысын шығарған еді. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, ұсынысты қанағаттандырудан бас тартқан.