Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарды сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу алаңдатты: Енді пәтер жалдау қиындауы мүмкін

Фото: freepik.com

Қазақстанда енді тұрғын үйден шығару тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылады. Сарапшылардың айтуынша, жаңа норма жалға беру нарығына тікелей әсер етеді. Бір жағынан, бұл азаматтарды қорғап, заңсыз әрекеттерге тосқауыл болады. Екінші жағынан, меншік иелері үшін қосымша тәуекелдер туындайды. Осыған байланысты жалдау ақысы мен депозит көлемі өсуі, сондай-ақ жалға алушыларды іріктеу талаптары күшеюі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Atameken Business" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Конституциядағы бұл өзгеріс пәтер жалға берушілерді алаңдатып отыр. Енді жалға алушыны үйден шығару бұрынғыдай оңай емес, міндетті түрде сот шешімі қажет. Бұл норма азаматтардың құқықтарын қорғауға және көшіру процесін әділ етуге бағытталған. Алайда сарапшылар адал емес жалға алушылар осыны пайдаланып, жалдау ақысын төлемей, көшу процесін созып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Жаңартылған заңға сәйкес, азаматтарды мәжбүрлеп шығару тек сот үкімі шыққаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Бұған дейін заңда кейбір олқылықтар болған. Кей жағдайда адамдар меншікке қатысты даулар толық шешілмей жатып-ақ әкімшілік шешімдер немесе басқа да себептермен үйінен айырылып қалатын. Енді мұндай жағдайларға нақты шектеу қойылды.

Заңгер Руслан Кибке бұл норманың азаматтарды, әсіресе жалғыз баспанасы бар адамдарды қорғауда маңызы зор екенін айтады.

"Бұл норма жалпы алғанда меншік құқығындағы, мысалы, жалғыз баспанасы бар азаматтарды қорғайды. Олар енді өздеріне қатысты әртүрлі сот актілерін орындау, қарыздарды өндіру сияқты мәселелерде белгілі бір деңгейде қорғалады. Бұрын мұндай қорғаныс жеткіліксіз болған", – деді заңгер.

Сарапшылар жаңа талап жалға берушілерді тәртіпке шақырып, тұрғындармен ресми келісімшарт жасауға ынталандырады дейді. Әйтпесе, адал емес жалға алушылар сот шешімі шыққанша үйде тұрып, төлем жасаудан жалтаруы мүмкін.

Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығының президенті Лариса Степаненко бұл норманы толық жетілдірілмеген деп санайды.

"Мұндай көшіру мүмкін еместігіне байланысты пәтер иелерінің жағдайы қиын болған жағдайлар бар. Ал енді мемлекет осындай құқықтық негіз беріп отырған кезде, бұл мәселелерді шешу одан да күрделене түседі деп ойлаймын. Жылжымайтын мүлік нарығының маманы ретінде айтарым – бұл норма әлі толық жетілдірілмеген. Әрине, пәтер иелері өздерін, өз құқықтарын, жүйкесін қорғау үшін түрлі тәсілдер іздейді. Мүмкін, бұл депозит төлемін екі-үш айға дейін ұлғайту болуы мүмкін", – деді Лариса Степаненко.

Сонымен қатар мамандар егер жалдау шартында көшіру талаптары нақты көрсетілсе, сот сол келісімге сүйенетінін атап өтеді. Алайда сот процесінің өзі бірнеше айға созылуы мүмкін.

Алайда тұрғындар "Егер олар төлей алмаса, онда пәтерге кірмеуі керек. Себебі кез келген адам пәтер жалдар алдында өз мүмкіндігін есептейді" деп отыр. Енді бірі "Адамды күшпен шығарып жіберуге болмайды, қандай да бір қысым көрсету дұрыс емес. Барлығы ақылға қонымды шеңберде болуы керек деп ойлаймын" деді ер адам.

Сонымен қатар, басты мәселе – жалға алушылар мұндай қаржылық жүктемені көтере ала ма деген сұрақ. Себебі көптеген азамат үшін жалдамалы пәтер – баспана алудың жалғыз баламасы. Айта кету керек, көшіру мәселесі бұған дейін де қиын болған. Кейбір жалға алушылар төлем жасамай, көшу процесін әдейі созатын жағдайлар кездескен. Енді сот арқылы ғана шешілетіндіктен, бұл тәуекелдер одан әрі артуы мүмкін.

Сарапшылар жалдау бағасының өсуі ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Өйткені пәтер иелері жаңа нормадан туындайтын тәуекелдерді бағаға қосуы мүмкін. Алайда сенатор Жанна Асанова мұндай сценарийдің ықтималдығы төмен екенін айтады.

"Норма тұрғын үйге қатысты меншік қатынастарын реттеу, оларды әділ әрі түсінікті ету үшін қабылданды. Әрбір азамат өз баспанасында қорғалған болуы керек. Оған қатысты қандай да бір әділетсіз немесе заңсыз әрекеттерге жол берілмеуі тиі", – деді сенатор.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйе екі тараптың жалға алушы мен меншік иесінің – мүддесі тең сақталған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Мысалы, Германия мен Нидерландта бұл процесс жылдам әрі ашық өтеді. Ал Испанияда, керісінше, сот процестері ұзаққа созылып, пәтер иелеріне елеулі шығын әкелуі мүмкін.


 


Еске салайық, Ақтөбе облысында 29 жастағы төрт баланың анасы күйеуінің өгей қызын ұрғанын полицияға хабарлағаннан кейін үйінен қуылып, дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болды. Әйелдің айтуынша, күйеуі ұзақ уақыт бойы өзіне де, қызына да күш көрсетіп келген. Оқиға қоғамда резонанс тудырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтерді. Қазір күдікті қамауға алынып, іс бойынша тергеу жүргізілген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 22 Наурыз, 2026 10:35