Қазақстандықтар тыйым салынған контентті репост жасағаны үшін жауапқа тартылмақ

Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген ақпараттық кеңістікті тексеру қағидалары жобасында Қазақстанда тыйым салынған контентті әлеуметтік желілерде бөліскен азаматтар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қағидаға сәйкес, ҚМА өз құзыреті шеңберінде ақпараттық кеңістікті мониторингтен өткізіп, заңға қайшы контентті анықтайды.
Жобаға сәйкес, ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер талданады. Олардың қатарында:
- интернет-ресурстар;
- әлеуметтік желілер;
- мессенджерлер;
- бұқаралық ақпарат құралдары;
- өзге де ақпараттық-коммуникациялық платформалар бар.
Агенттік мониторинг жүргізу барысында жеке деректерді қорғау туралы заң талаптары сақталатынын атап өтті. Егер тексеру барысында заңға қайшы материал анықталса:
- қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болса, іс қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес қаралады;
- қылмыстық құрам болмаса, материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жіберіледі;
- заңмен тыйым салынған материалдар анықталса, оларды бұғаттау үшін уәкілетті органға хабарлама жолданады.
Хабарлама жіберген кезде қаржы мониторингі агенттігі ақпараттық жүйеде негіздемесін көрсетіп, заңға қайшы материалдарды растайтын скриншоттарды тіркеуге тиіс.
Қағидалар былтыр Парламент қабылдаған құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заң аясында әзірленген. Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заңға сәйкес, заңға қайшы контентке мыналар жатады:
- конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге немесе Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру;
- мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру;
- соғысты насихаттау;
- әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе рулық артықшылықты дәріптеу;
- қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін, суицидті, порнографияны, есірткі заттарын насихаттау;
- сепаратизм, алаяқтық немесе ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін ақпарат тарату.
Сондай-ақ мемлекет құпияларын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жариялау, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына күмән келтіретін мәліметтер де заңға қайшы контентке жатады. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жауапкершілік тек контентті жасағандарға ғана емес, оны таратқан адамдарға да жүктеледі. Оның сөзінше, заңға қайшы материалды өз парақшасында жариялаған немесе репост жасаған адам да жауапқа тартылады.
"Кім тираждайды, кім таратады, кім орналастырады солардың бәрі жауап береді. Егер адам заңға қайшы видеоны өз парақшасында бөліссе, ол да жауапкершілікке тартылады", – деді депутат.
Тіпті заңға қайшы видеоны бөлісіп, оның заңсыз екенін ескерткен жағдайда да, мұндай әрекет контентті тарату ретінде бағалануы мүмкін.
- WhatsApp 13 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы аккаунттарды іске қоспақ
-
Жаңалықтар мен ғылыми жарияланымдар ЛГБТ насихатына жатпайды – министрлік
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та тұрғын балалар психикасына зиян келтірді деп Instagram мен YouTube-ты сотқа берді. Талапкердің адвокаты әлеуметтік желілер балалардың миында тәуелділік қалыптастыратын алгоритмдер мен функцияларды әдейі жасағанын айтады. Компаниялар бұл айыпты жоққа шығарып, қыздың психологиялық мәселелері отбасындағы қиын жағдайдан туындағанын алға тартты. Сот шешімі АҚШ-тағы әлеуметтік желілерге қатысты басқа да істерге әсер етуі мүмкін.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған