Қазақстандықтар тағы бір құжатты онлайн ала алады
Фото: gov4c.kz
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли қазақстандықтардың тағы бір құжатты электронды форматта ала алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талғат Уәлидің айтуынша, бұған дейін нотариустың атқарушылық жазбасы тек қағаз түрінде рәсімделетін. Құжатты алу үшін азамат нотариусқа өзі барып, құжаттардың түпнұсқаларын ұсынуы және одан кейін сот орындаушысына жүгінуі қажет еді.
"Нотариустың атқарушылық жазбасы – қарызды мәжбүрлі түрде өндіру құжаты. Яғни қарыз алушыдан ақша немесе мүлік өндіру үшін нотариус арнайы белгі – атқарушылық жазба жасайды. Мысалы, егер нотариалды куәландырылған немесе нотариустың атқарушылық жазбасына қатысты ескертпесі бар қарыз шарты немесе жалдау шарты болса, талапкер сотқа жүгінбей-ақ тікелей сот орындаушысына шағымдана алады. Бұл уақытты үнемдеп, өндіріп алу рәсімін жеңілдетеді", – деп түсіндірді ол.
Енді бұл рәсім оңайлатылды: атқарушылық жазба электронды форматта, нотариустың электронды цифрлық қолтаңбасымен рәсімделеді. Бұл құжат қағаз түріндегі жазбамен бірдей заңды күшке ие.
Сонымен қатар борышкерге жеке кабинет арқылы хабарлама жіберіледі, ол өз тарапынан қарсылық білдіре алады. Егер негізді қарсылықтар болса, нотариус атқарушылық жазбаны жоюға міндетті, өйткені бұл жағдайда берешектің даусыз сипаты болмайды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
