Қазақстанда бір маманды даярлауға 1,5 мың доллар жұмсалады, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 27 мың доллар – Министр қазақстандық ЖОО-лардың әлсіздігін түсіндірді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Jibek Joly TV арнасына берген сұхбатында қазақстандықтардың шүкіршілік етпейтінін, өйткені біздің елде жоғары білім алу өте қолжетімді екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Аманат партиясы
Саясат Нұрбек елімізде 25 жастан төмен 1 миллиардтан астам жас бар және олар қазір жоғары білім алудың баламаларын іздеп жатқанын атап өтті.
"Қазақстанның алдында ерекше мүмкіндік терезесі ашылып тұр, бірақ ол жақын арада жабылуы мүмкін. Сондықтан соңғы екі жылда біз бұл мүмкіндікті барынша пайдалану үшін әлемді шарлап, белсенді жұмыс істедік. Бұл мүмкіндік неде? Үлкен Еуразия деп аталатын кең аймақта – яғни біздің макрорегионымызда – 2 миллиардтан астам адам тұрады. Африкадан кейінгі ең жоғары туу көрсеткіші дәл осы аймақта тіркелген, яғни әлемде екінші орында. Көп адам мұны елестете де алмайды. Жалпы, қазақстандықтар шүкір етуді білмейді. Қандай тұрғыдан? Әлем халқы 8 миллиардтан асса да, күндізгі бөлімде толыққанды жоғары білім алатындар саны 350 миллионнан аспайды", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, жоғары білімі бар азаматтар – бақытты адамдар. Тіпті кейбіреулерінің дипломдары сөреде шаң басып жатқанын еске салды
"Бір емес, екі дипломы барлар да көп. Таңдап алуға да болады. Нағыз бақыт. Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндігі әрдайым жақсы болды, тарихи тұрғыдан алғанда қолжетімділігі кең еді. Бәлкім, оның сапасы әрдайым жоғары болмады, бірақ білім алу оңай болатын", – деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір мемлекеттік тапсырыс алуға үміткер барлық университеттер үшін гранттың ортақ құны өте төмен болып отыр. Бұдан бөлек министр батыс елдерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Сондықтан жоғары білімнің сапасын арттыру үшін қаржыландыруды ұлғайту қажет дейді ведомство басшысы.
"Егер ел бойынша орта есеппен алсақ, ұлттық университеттер үшін бұл көрсеткіш жоғарырақ – шамамен 1,2–1,3 миллион теңге, бірақ жалпы орташа алғанда шамамен 900 мың теңге. Егер салыстырсақ, АҚШ-та бір жоғары білімді маман дайындауға орта есеппен 27-28 мың доллар (13 500 000 теңге) жұмсалады. Шығыс Еуропада бұл көрсеткіш 10-12 мың доллар (6 000 000 теңге), ал Ұлыбританияда 15-18 (7 500 000 – 9 000 000 теңге) мың доллар. Сондықтан қазақстандықтар мынаны түсінуі керек: біз 1,5 мың доллар (750 000 теңге) көлеміндегі грантқа қандай сапа ала аламыз? Сол себепті бұл – өте үлкен реформа", – деді министр.
Министр қазірдің өзінде ведомство барлық заңнамалық тетіктерді іске қосқаның атап өтті.
"Келесі жылы барлық қажетті заңдарды қабылдаймыз деп үміттенеміз. Біз гранттың ең төменгі құнын халықаралық орташа стандартқа сәйкестендіріп, шамамен 6,5 мың (3 250 000 теңге) долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді министр.
Министрдің сөзінше, жастар елден кетсе де, Қазақстаннан алыстап кетпейді. Шетелге кеткенімен, олар қазақстандық болып қала береді дейді Саясат Нұрбек.
"Қазір біз жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Жыл сайын біз мың грант бөлеміз. Әрбір жас ғалымға ай сайын 500 мың теңге көлемінде қосымша стипендия беріледі. Бұл – үш жылға созылатын арнайы жоба. Оның басты мақсаты – жас зерттеушілердің өз жолын тауып, ғылымда нық орнығуына көмектесу. Біз олардың ғылыми әлеуетін қалыптастырып, қай бағытқа тереңдеп, қай жолмен жүру керек екенін анықтауына жағдай жасаймыз", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің пікірінше, Қазақстанда жоғары білімнің қаржылық мүмкіндіктері артады. Сөйтіп жинақтау жүйесі енгізіліп, student loan үлгісіндегі жеңілдетілген несиелер мен дифференциалды гранттар іске қосылмақ.
“Мақсат – маман даярлауға жұмсалатын орташа шығынды 5-6 есеге арттыру. Гранттар саны азаюы мүмкін, бірақ университеттер сапаны сақтап, 10-15 негізгі бағдарламасына көңіл бөлуге тиіс. Министрлік осы бағытта күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Шотландияның ең көне зерттеу университеттерінің бірі – Хериот-Ватт университетін Қазақстанға, үлкен қалаға емес, аймақтық қалаға әкелу – үлкен жетістік. Жастар елде қалмай, осы білімді алып, шетелге кетіп қалуы мүмкін. Бұл – қауіп емес, бұл шындық. Қандай да бір маман қаншалықты жоғары білікті болса, ол соншалықты сұранысқа ие болады. Мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Кейбіреулері шетелге барып, жұмысқа орналасып, мансабын дамытқысы келеді. Олар сол жақта одан да тереңірек, нақты бір тар салалар бойынша тәжірибе жинайды. Мүмкін, бізде ондай тәжірибені алуға мүмкіндік жоқ шығар. Бірақ болашақта олар елге оралып, жоғары деңгейдегі маманға айналуы мүмкін", – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін отандасымыз Жасұлан Темірбаев “Болашақ” бағдарламасына тапсырмақ болды. Алайда сұхбат барысында комиссия мүшелерінің бірі оның орыс тілінде акцентпен сөйлегенін желеу етіп, іріктеу кезеңінен өткізбей қоған. Спорт медицинасын оқып жүрген қазақстандықтың басынан өткен бұл жағдай желіде қызу талқыға түсті.