Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар қашаннан бастап Pfizer вакцинасын ақылы негізде салғыза алады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жүкті әйелдер мен жасөспірімдерден басқа санаттағы қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын ақылы негізде егу туралы бастамасын үкімет басшысы Асқар Мамин қолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанға 379 мың доза мөлшерінде Сomirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші партиясы жеткізілген. Екінші партияны жеткізу 20 қарашаға дейін жоспарланыпты. Вакцинация республиканың 7 өңірінде, атап айтсақ, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында басталды. 



“Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ВАК тапсырмасына сәйкес, азаматтарды вакциналау үшін COVID-19 Comirnaty Pfizer екпесін коммерциялық нарықта ақылы негізде салу мүмкіндігі туралы үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Қолдауыңызды өтінемін”, – деді Цой. 

Оның бұл бастамасын Асқар Мамин мақұлдады. 

Бұдан соң денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтар Pfizer вакцинасын ақылы түрде қашан салдыра алатынын айтты. Оның айтуынша, ақылы вакцинаны жеткізу жұмысы жыл соңына дейін жүргізіледі.

"Маңызды шешім қабылданды. Үкімет Pfizer-ді коммерциялық сегментке жіберуді қолдады. Қазір механизм пысықталып, орын анықталып жатыр. Біз препаратты коммерциялық сегментте пайдалану үшін елдің бүкіл өңірін вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деді Цой үкімет кулуарында.

Ол ақылы вакцинаны шетелге шығуды жоспарлап жүргендер салдыра алатынын атап өтті.

Қазақстандықтар үшін Pfizer вакцинасы қанша тұратыны әзірге белгісіз. Министрдің айтуынша, оның құнын бәсекелі орта анықтайды.

"Осы жылдың соңына дейін вакцина айналымға түсуі керек деп жоспарлап отырмыз. Өңірлерге жеткізу, оның тетіктері, орнын анықтаймыз. Вакцинаны сақтау талаптары өте маңызды. Препарат вакцинациямен айналысып жатқан, мұздатқыштары, белгілі бір талаптары бар нысандарға жеткізілетін шығар", - деп нақтылады Цой.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Pfizer вакцинасының бағасын жария ете алмайтынын, өйткені бұл коммерциялық құпия екенін айтты.

Министр Pfizer Қазақстанға әр апта сайын жеткізілетініне сендірді.

Еске салсақ, бұған дейін үкімет басшысы елімізде Pfizer вакцинасын алатын азаматтар тізімі кеңейтілетіні жайлы айтқан болатын. 

Талқылау