Қазақстандықтар несиені көп алса, табысы да жоғары екенін білдіреді – Министр
Фото: Primeminister.kz
Үкіметте өткен брифинг барысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы несие беру көлемінің күрт өсуін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, тұтынушылық несиелер санының артуы халықтың кедейленуін білдірмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жалпы несие көлемі 20,9% өсіп, шамамен 34 триллион теңгеге жеткен.
Оның ішінде:
• Бизнестің несие алу көлемі 16% өсіп, 13 триллион теңге болды;
• Халықтың несие алу көлемі 24% артып, 21 триллион теңгеге жетті;
• Ал тұтынушылық несиелер ең үлкен өсімді көрсетіп, 33,5% артып, 14 триллион теңгеге тең.
Журналистер министрден "Несие алушылар санының артуы халықтың кедейленуін көрсетпей ме?" деп сұрады. Министр Жұманғарин бұл пікірмен келіспейді.
"Тұтынушылық несиелердің өсуі – халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші. Бұл адамдардың мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Олар несиені қалай қайтаратынын ойламай-ақ алады", – деді министр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда азаматтарды қорғауға бағытталған белгілі бір тетіктер қарастырылған. Несие алар алдында азаматтар "ойлануға бір түн" алады – бұл ретте адам шешімін қайта қарауға мүмкіндігі бар дейді ол. Сонымен қатар қарыз жүктемесінің коэффициенті қолданылады. Яғни адамның барлық несиесі оның табысымен салыстырылады және бұл жүктеме жалақының 50%-ынан аспауға тиіс.
"Біз бұл шекті 35%-ға дейін төмендетуді ұсынып отырмыз", – деді министр.
Сөз соңында ол азаматтардың жауапкершілігіне сенетінін атап өтті.
"Сондықтан, қазақстандықтар несиені көп алса, табысы да жоғары екенін білдіреді. Егер адам несие алса бұл оның қаржылық мүмкіндіктерін есептей алатын, ақылға қонымды шешім қабылдайтын адам екенін көрсетеді. Егер ол үлкен сома алса, оның табысы жоғары екенін білдіреді. Ал егер ол дәрі-дәрмекке несие алса, онда бұл жерде тереңірек қарау керек", – деді Жұманғарин.
300 мыңнан астам қазақстандық микроқаржы ұйымдарына 71 миллиард теңгеден аса артық төлем жасаған
Үкімет Қазақстанда кең тараған бөліп төлеу тәсілінің қаупін айтты
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков банктер мен ломбардтардың зейнетақы мен жәрдемақыны табыс көзі ретінде есептеп, төлем қабілеттілікті дұрыс бағаламай несие беріп жатқанын сынға алды. Ол әлеуметтік осал азаматтардан қарызды зейнетақыдан өндіріп алу фактілерін келтіріп, бұл тәжірибені тоқтату үшін зейнетақы мен жәрдемақыны табыс ретінде есептеуге тыйым салу керек деп ұсыныс жасады.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
