Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар МӘМС жарналарын міндетті емес, ерікті етуді талап етіп, петиция жариялады

Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап, петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

GosRating.com сайтында Нұрлан Тұрсынов есімді азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын міндетті емес, ерікті түрде төлеуді талап етіп, петиция жариялады. Петиция авторының айтуынша, бұл жүйе бағаның үнемі өсуі мен инфляция жағдайында отбасыларға қосымша қаржылық салмақ түсіреді. 

“Қазір қызметкерлердің жалақысынан ай сайын 2% ұсталады, ал жұмыс берушілер міндетті медициналық сақтандыру қорына қосымша 3% аударады. Бұл міндет еліміздің барлық еңбекке қабілетті азаматтарына қатысты. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 350 мың теңгені құрайды. Сондықтан ай сайынғы 7 000-10 000 теңге көлеміндегі аударымдар онсыз да күнкөріс қамымен жүрген көптеген азаматтар үшін елеулі болып отыр. Бұл қызмет қажет пе, жоқ па, әр адам өзі шешуі керек”, – делінген петицияда.

Табысы жоғары азаматтар үшін жарна көлемі артады: 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізіледі


Петиция авторы азаматтардың өздері пайдаланбайтын қызмет үшін ақы төлеуін әділетсіз деп санайды. Сондай-ақ ол қазіргі жүйенің конституцияға қайшы екенін де атап өткен.

“Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне міндетті түрде қатысу Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген таңдау еркіндігі қағидасына қайшы келеді. 14-бапта әркімнің бостандыққа құқығы бар делінген”, – делінген жазбада.

Петиция авторы әлем елдерінің табысты медициналық сақтандыру жүйелерінен мысал келтірген.

“АҚШ пен Германия сияқты бірқатар елдерде азаматтар сақтандыру бағдарламасына қатысу-қатыспауды өз бетінше таңдайды. Ал Қазақстанда қазіргі жүйе көбіне тиімсіз. Денсаулық сақтау министрлігінің өз мәліметінше, жарналардың едәуір бөлігі нақты медициналық көмек көрсетуге емес, әкімшілік шығындарға жұмсалады”, – делінген петиция мәтінінде.

Нұрлан Тұрсынов МӘМС туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңды қайта қарау және айыппұлсыз ресми бас тарту мүмкіндігімен барлық кәмелетке толған азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысуын ерікті ету қажет деп санаймын. Бұл шешім миллиондаған отбасыларға қомақты қаражатты үнемдеуге, азаматтардың өз денсаулығына деген жеке жауапкершілігін арттыруға, таңдау еркіндігі қағидаттарына негізделген әділ жүйе құруға мүмкіндік береді”, – делінген жазбада.

Еске салсақ, бұған дейін сарапшылар Қазақстандағы МӘМС жүйесінің болашағына алаңдаушылық білдірген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 14 Қазан, 2025 20:45
Талқылау