"Қазақстандықтар ойнай алмайды": Маңғыстау облысында казинолар ашылмақ
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Кендірліде ойын аймағы құрылып, казинолар ашылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, ойынханаларға тек шетелдік төлқұжатпен кіру мүмкін болмақ.
"Ойынханаға тек шетелдік төлқұжатпен кіре алады. Мұндай тәжірибе бар. Мысалы, жалақы алып, сосын ойынхаға барып бәрін ұтылып қалдыңыз. Бұл кімге керек? Әдетте, ақшасын ұтылған соң адам қобалжиды. Біздің мақсатымызға сәйкес шетелден келетін адам Қазақстан экономикасына ақша қалдырып кетуі керек", – дейді ол.
Сонымен қатар аймақ басшысы казино саласына кез келген азамат инвестиция құя алатынын жеткізді.
"Тек казино емес, мейрамхана немесе қонақ үй құрылысына шетелдіктер, қазақстандықтар инвестиция сала алады. Бастысы инвестиция салып, экономикамызға үлес қосса болғаны. Әзірге заң шыққан жоқ, бірақ біздің ұсынысымыз осындай", – деп қосты Қилыбай.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау әкімі өзін өртеп жіберген азаматпен не үшін кездеспегенін түсіндірген еді.