Қазақстандықтар доллар бағасының өскеніне алаңдаулы: Сарапшылар не дейді
Қазақстандық айырбастардағы доллардың құны 500 теңгеге жақындап қалды. Таңертең америкалық валюта 493-тен сатылса, кешке қарай баға 496 теңгеге жетті. Экономистер болып жатқан жағдайды республикалық бюджет тапшылығымен байланыстырады. Соған қарамастан ұлттық экономика вице-министрі девальвацияға негіз жоқ деп мәлімдейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pexels.com
Қазақстандықтар доллар бағамының өзгеруіне алаңдаулы. Алматыдағы айырбастау пунктерінде доллар 496-дан болып жатыр. Ресми баға – 489,5 теңге.
Сарапшылар қазаннан бастап жаңа жылға дейін импорт әдетте артады дейді. Ал қазақстандықтардың мерекеге дейін бірдеңе сатып алуға құштарлығы бар. Шетелдік өнімдерге сұраныстың артуы олардың бағасының өсуіне әкеледі. Бұл валюта бағамына жанама әсер етеді. Бірақ бірнеше маңызды факторлар бар.
“Бұл – сыртқы міндеттемелерге, яғни біздің кез келген кәсіпорынның сыртқы қарызына қызмет көрсету. Ендігі мәселе – республикалық бюджеттің терең тапшылығы. Салықтардың алынбауына байланысты күрделі мәселелер бар. Төртінші фактор, біздің ойымызша, Ресей рублі төңірегіндегі жағымсыз фон. Соңғы аптада рубль айтарлықтай құнсызданды. Бұл да жергілікті нарық қатысушыларының көңіл-күйіне кері әсер етеді”, – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас талдаушысы Рамазан Досов.
Қаржыгерлер қауымдастығы доллар құны жақын арада әдеттегі деңгейіне оралады деп болжайды. Бұл үшін ұлттық банк күш салады деп отыр.
“Біздің ойымызша, жыл соңына дейін теңге 490 болып нығаюына толық мүмкіндік бар. Қысқа мерзімді перспективада ол жоғарылауы мүмкін. Ұлттық қордан шетел валютасын сату фактісінің қолайлы үйлесімін көріп отырмыз, теңге бағамдары өте тартымды болып қала береді”, – деді Рамазан Досов.
Валюта бағамының өзгеруі импорттық тауарлардың баға белгілерінің өзгеруіне әкеледі.
“Супермаркет сөрелерінің 50%-ы – шетелден әкелінетін импорттық тауарлар. Біріншіден, құрал-жабдықтар, әсіресе техника қымбаттайды деп ойлаймын. Жаңа iPhone бағасы жоғарылайды. Азық-түлік те шамалы қымбаттайды, өйткені олар Ресейден рубльмен немесе теңгемен әкелінеді”, – деді тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ауытқу қалыпты шекте болады деп сендірді. Азаматтарда алаңдауға негіз жоқ дейді. Бәріне қарамастан, ұлттық валюта бірқалыпты.
“Валюта тұрақты. Әрине, оған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Кез келген басқа валюта сияқты ол елдің экспорты мен импортына тәуелді болады. Сондықтан валюта бағамы өзгеруі мүмкін. Дегенмен ұлттық валютадағы депозиттердің кірісі шетел валютасына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін көріп отырсыздар. Тіпті инфляцияны есепке алғанда. Сондықтан мен өз басым ұлттық валютаның тұрақтылығына сенемін”, – деді ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов.
Мұнай бағасының құлдырау себептері де бүкіл әлемде қызығушылық тудырады. Brent және WTI осы аптада 5% төмендеді. Қазақстандық сарапшылар Таяу Шығыстағы жағдай да әсер етіп жатқанына сенімді. Израиль әскері Иранға жойқын соққы беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасы Израиль қарулы күштерінің әрекетіне тікелей байланысты болады. Егер олар Иранның мұнай нысандарын жойса, баға тұрақты түрде көтеріледі. Бірақ Сауд Арабиясы жағдайды түзете алады. Шетелге сататын қара алтын өндірісін қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Оның үстіне араб билігі қаңтар айынан бастап шикізат көлемін ұлғайтпақ.