Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар банктен өз ақшасын шешу үшін қаржыны қайда жұмсайтынын түсіндіруге міндеттеледі

Фото: depositphotos.com

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлердің банктен қолма-қол ақшаны шешіп алу тәртібіне қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа ережеде ірі сомалар бойынша қаражатты алу мақсатын түсіндіруді талап ететін норма нақты айқындалған. Белгіленген лимиттен асқан кәсіпкер ақшаны қайда жұмсайтынын көрсетуге міндетті. Сонымен қатар, банк немесе қаржы мекемесі қолма-қол ақшаны беруден бас тарта алады. 

Айта кетейік, негізгі бақылау тетіктері Қазақстанда бұрыннан қолданыста бар. Бұрынғыдай, қолма-қол ақшаны шешіп алу мақсатын растау және мәліметтерді беру тек белгіленген айлық лимиттерден асқан жағдайда ғана талап етіледі. Лимиттер де өзгеріссіз қалады:

- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 миллион теңге;

- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 120 миллион теңге;

- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 миллион теңге.


Жаңа үйлерден пәтер алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынды: Нені білу қажет


Сонымен қатар, айлық шектеулер қолданылмайтын кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі де өзгеріссіз қалады:

- микрокәсіпкерлік субъектілері;

- ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ балық шаруашылығы өнімдерін сатып алумен айналысатын кәсіпкерлер;

- азық-түлік, сусын және фармацевтикалық тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын компаниялар;

- екінші деңгейлі банктер, Ұлттық пошта операторы, сондай-ақ қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге лицензиясы бар заңды тұлғалар (белгілі бір операциялар кезінде).

Ұлттық банктің мәліметінше, негізгі жаңашылдық – құжаттар тізіміне емес, есеп беру нысанына байланысты.

Заң жаңа “шешіп алынған қолма-қол ақшаның мақсатты пайдаланылуы туралы ақпарат" деп аталатын 32-баған енгізілген. Аталған жаңашылдық қолма-қол шешілген қаражаттың нақты қандай мақсатта жұмсалатынын нақтылау үшін енгізіліпті.

"Ережелер кәсіпкерден қолма-қол ақшаны шешіп алу жоспарын, оның мерзімділігін немесе егжей-тегжейлілігін алдын ала айқындауды не банкпен келісуді талап етпейді", – делінген Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің хабарламасында.

Жаңа ережеде белгіленген шектен тыс қолма-қол ақша алу рәсімі қатаң реттелген. Кәсіпкер өз банкiне тиісті өтінім беріп, ақша шешу мақсатын дәлелдейтін құжаттар топтамасын ұсынуы және мемлекеттік кірістер органына мәлімет беруге келісімін беруі тиіс.

Одан кейін банк бұл ақпаратты мемлекеттік кірістер органына тексеру үшін жолдайды. Мұнда маңызды жайт – соңғы шешімді банк қабылдайды, алайда ол шешім салық органдарынан алынған мәліметтер негізінде қабылданады.

Егер тексеру нәтижесінде банк қолма-қол ақшаны беруден бас тарту туралы шешім қабылдаса, кәсіпкер бұл шешімге шағымдана алмайды. Бұл ресми жауапта “ережелерде апелляция тәртібі қарастырылмаған" деп нақты көрсетілген.

Әзірге банктердің қандай жағдайда ақша беруден бас тартынына қатысты нақты ақпарат жоқ. Алайда сарапшылар қазақстандық кәсіпкерлерді алдағы өзгерістерге дайын болуға шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кәсіпкерлерді есепшотынан қолма-қол ақша шешу үшін қаржының қайда жұмсалатынын көрсетуге міндеттеу ұсынылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 21:17
Талқылау