Қазақстандықтар америкалық азаматқа қарындасын бір күн ішінде әлеуметтік желі арқылы тауып берді

Қазақстандықтар америкалық азаматқа көп жылдан бері іздеп жүрген қарындасын бір күн ішінде тауып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Майкл Кэмерон 23 жылдан бері АҚШ-тың Калифорния штатындағы шағын қалада тұрады. Америкалық ата-анасы асырап алып кеткенге дейін оның есімі Миша болған. Ал өзі Павлодар облысындағы (қазір таратылған) "Қашыр" балалар үйінде тәрбиеленген.
Майкл туған ата-анасын мүлде білмейді. Полиция хаттамасында оның ата-анасының аты-жөні көрсетілмеген. Баланы тапқан кездегі үстіндегі киімінің сипаттамасы мен бір ғана күн жазылған. Ол 1995 жылы 27 шілде.
Миша бірнеше жыл бойы балалар үйінде тұрған. 2000 жылдардың басында оған АҚШ-тан келген ерлі-зайыптының назары түсіп, 2003 жылдың жазында асырап алған. Осылайша Миша Майкл Кэмеронға айналған.
Майкл туған қарындасы бар екенін көп жылдан кейін ғана біледі. Бірақ ол кезде қарындасының аты — Маша екенін ғана білген. Оның тегі, әкесінің аты, туған күні туралы ешқандай мәлімет болмаған. Тек басқа интернатта тәрбиеленгені ғана айтылған. Машаның не себепті ағасымен бірге "Қашыр" балалар үйінде болмағаны белгісіз. Болжам бойынша, ол тым кішкентай болып, алдымен Павлодардағы сәбилер үйіне, кейін басқа балалар үйіне жіберілген болуы мүмкін.
Қарындасы туралы нақты ақпаратты "Қашыр" балалар үйінің бұрынғы директоры Ольга Федоровна Бабий ғана білген. Алайда Майкл бұл жайында кеш естіген. Ал педагог өмірден өтіп кеткен.
Осыдан кейін Майкл туған қарындасын өз бетімен іздеген. Қазақстандық заңгерлер тегі мен жетім болғаны туралы ақпаратпен адамды табу мүмкіндігі аз екенін жеткізген. Соған қарамастан, Майкл үмітін үзбей, әлеуметтік желіден “Қазақстан-америкалық қауымдастық "тобын тауып, сол жерге Павлодар облысынан қарындасын іздеп жүргенін жазған. Сосын балалар үйінде жүрген кездегі бірнеше ескі фотосуретін жариялаған.
Оны Харьковтағы “Бірлік” қазақстандық жерлестер қоғамының төрайымы Макка Каражанова көріп, бірден павлодарлық журналист Салауат Темірболатұлына жолдаған. Журналист ақпаратты өз парақшасына жариялаған. Келесі күні түске қарай Майкл Кэмеронға хабарласып, қарындасын тапқанын жеткізген.
Маша Павлодар облысында тұрады. Ол туған ағасын қаншама жыл өткен соң тапқанына әлі де сене алмай жүр.
“Оны көп жыл өтсе де тапқаныма қуаныштымын. Енді оны ешқашан жоғалтпаймын”, – деп жазды Маша Салауат Темірболатұлының жазбасының астына.
Өкінішке қарай, әйел журналистермен сөйлесуден бас тартқан. Қазір ол Щербакты ауданындағы шағын ауылда тұрады. Мектеп асханасында жұмыс істейді, алғашқы некесінен екі бала тәрбиелеп отыр.
"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды