"Тақырбастар челленджі": Қазақстандықтар "Звезды" шоуының финалынан кейін "Астана" командасын қолдап, жаппай шаштарын алып жатыр
Фото: arnold_gazizovich
Қазақстандықтардың НТВ арнасындағы “Звезды” шоуының финалына наразылығы әлі де басылар емес. Жеңімпазды анықтайтын шешуші ұпайды берген Филипп Киркоровқа бойкот жарияланғаннан кейін желіде арнайы челлендж басталды. Ер адамдар “Астана” командасын қолдау үшін шаштарын тақырлап алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Звезды” – НТВ арнасындағы әзіл-оспақ бағытындағы тележоба. Жобаны Азамат Мұсағалиев жүргізеді, ал шоудың финалы Жаңа жыл қарсаңында телеарна эфирінен көрсетілді. Финалда жеңіс үшін Валерия мен Иосиф Пригожин және “Наполеоны”, Денис Дорохов пен “Женщины”, Роман Костомаров пен “Красноярск”, Стас Костюшкин мен “Импровизаторы”, Иван Абрамов пен “Команда мечты”, сондай-ақ Анатолий Цой бастаған “Астана” командасы бақ сынасты.
“Команда мечты” және “Астана” командалары 20 миллион рубль (129 миллион теңге) үшін шешуші “айқасқа” шықты. Нәтижесінде екі команда да 22 ұпайдан жинап, тең түсті. Соңғы шешім ресейлік әнші Филипп Киркоровқа тиесілі болды. Ол “Команда мечты” 6 ұпай, ал “Астанаға” 3 ұпай берді. Осылайша қазақстандық команда екінші орынға тұрақтады. Бұл шешім қазақстандық қолданушыларды әуелі таңғалдырса, кейін ашу-ыза туғызды.

Көрермендерді таңдандырған қойылым
Астаналықтар “Шаштаразда болған жағдай” нөмерінде танымал әнші Анатолий Цойдың шашын сахнада алып тастайды. Одан кейін командаластары да түгел шаштарын қырқып тастап, ерлік танытады. Әзіл үшін болса да, олардың бірлігін көрсеткен нөмерге ресейлік көрермен орнынан тұрып, зор қошемет көрсетті. Тіпті кейбірі көзіне жас алды.
Осыдан кейін қазақстандықтар Филипп Киркоровқа бойкот жариялап, оның концерттеріне бармауға шешім қабылдады. Бұл тізімге ресейлік танымал әнші Баста да ілінді.
Қазақстандықтар арнайы челлендж бастады
Ал желіде қазақстандық ер адамдар “Астаналықтарды” қолдау мақсатында шаштарын тақырлап алып, фото-видеоларын жариялай бастады. Көпшілік арасында “тақырбас челленджі” деп аталып кеткен бастамада біреулер алғаш рет шашымен қоштасса, енді біреулер бар шашын тек қолдау білдіру мақсатында қырып тастаған.
Мәселен Анатолий Ким есімді қолданушы шашын 10 жылдан кейін тақырлап алып тастады.
Ал кейбірі тіпті “Киркоровтың өзін тақырлауға” кіріскен.
Ескерту! Видео авторы роликтің әзіл-қалжың мақсатында жасалғанын жазды.
Тағы бір қолданушылар “Астана” командасы Қазақстан үшін әрдайым чемпион болатынын жазған.
Танымал шоумен, әзілкеш, “Астана” командасының мүшесі Еркебұлан Мырзабек желі қолданушыларына алғыс білдірді.
“Достар, қолдауларыңыз үшін көп рақмет. Иә, біз жеңіске жеткен жоқпыз. Демек, чемпиондық ойын әлі алда. Күшті болып ораламыз. Иван Абрамов мен оның “Команда мечты” жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Біз бір сахнада, бір мақсатпен – көрерменді күлдіріп, жақсы эмоция сыйлау үшін ойнадық. Ойын аяқталады. Ал әзіл қалады. Ал адами қарым-қатынас пен өзара құрмет кез келген шешімнен де маңызды”, – деп жазды Еркебұлан.
Айта кетейік, бұған дейін желіде қазақстандықтар ресейлік әнші Филипп Киркоровке бойкот жариялағаны хабарланған еді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар