"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады

Stan.kz ақпарат агенттігі Instagram желісінде сауалнама жүргізіп, жыл сөзін анықтады. Көпшілік “кәнсіл” сөзін Жыл сөзі деп таныды.
Шын мәнінде, бұл сөз биыл қазақстандықтар арасында ең көп қолданылған сөз. Оның көп қолданылғанын сүйіктісіне қол көтерген актер Шәріп Серік, Алматыда “Ленина 36” деп ашылған мейрамхана оқиғаларына қарап білуге болады.
“Биылдыққа “кәнсіл” (cancel) деген сөзді жиі естіп кеттік, актерден бастап мейрамханаларға дейін”, “Кәнсіл" сөзі биыл көп айтылды, қолданылды. Көбі кешірім сұрау үнемі құтқар бермейтінін ұққан сияқты. Жылдар бойы жиналған атақ, абырой бір сәтте құлап, шашылып жатты. Биыл жалпы өзі қоғам үнсіз қалмай, саналы түрде таңдау жасауды үйренген сияқты”, “Менің ойымша, "кәнсіл" деген ол жаза немесе жек көру емес, позиция сияқты. Халықтың қай кезде де ойын ашық айта алғаны жақсы ғой", – деп жазды көпшілік.
Блогер Роза Әшірбаева қазақ қоғамы үшін “кәнсіл” мәдениеті не үшін қажет екенін түсіндірді. Оның сөзінше, Қазақстанда “кәнсіл мәдениеті” енді ғана дамып келе жатыр.
“Кәнсіл” мәдениеті бұл қоғамдық тәрбие. Желі қолданушылары, бизнес өкілдері және медиасала үйінде тәрие көрмеген ересек адамдарды осылай шектемесе, бір күні Бишімбаев сияқты адам өлтірмесіне кім кепіл”, – деп айтқан еді.
Сондай-ақ блогер “кәнсіл” мәдениетін нақты мысалдармен түсіндірген.
“Желі қолданушылары ішіп көлікке отырған, баласын ұрған, бөтен қыздарға интимді мүшесінің суретін жіберген, балағаттаған, сыйламаған, әйелді ұрған танымал адамдарды, өкінішке қарай, кешіріп жүре береді. Кейбіреулері "Ер жігіттің басына не келмейді?", "Әр қиындықтың артында жеңілдік бар" деген сабырға шақыратын әдемі сөздердің қадірін кетіріп, мәдениетсіз, тәрбиесіз, қатыгез адамдарды қолдау үшін жазып жатады. Кәнсіл мәдениеті біздің елде даму керек деп есептеймін. Неге? Медиасалада танымал адамдардың көрсетіп жатқан өрескел қылықтарына көз жұмсақ, өмірде де тәрбиесіздікке, құрметсіздікке, зорлыққа көз жұмуды жалғастыра береміз деген сөз”, – деп жазды.
Осы орайда Роза Әшірбаеваның “кәнсіл” мәдениетін түсіндіруіне себеп болған актер Шәріп Серіктің оқиғасына тоқталсақ.
Халық “кәнсілдеген” актер
Биыл сәуір айында актердің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, актердің лифтте шабуылдаған видеосын жариялаған еді. Ол өз жағдайын айту арқылы қызға қол көтеру қалыпты нәрсе емес екенін түсіндіргісі келгенін жеткізді. Кейін актер бұл әрекеті үшін 5 тәулікке қамауға алынды.
Онымен қоймай, актерді “қара тізімге” енгізді. Salem Entertainment компаниясы актермен барлық байланыстарын үзіп, әріптестікті тоқтататынын мәлімдеді. Актер түскен фильмдер ресми түрде жабылғанын хабарлады. “Патруль: Соңғы бұйрық” фильмінің командасы да Шәріп Серік қатысқан көріністерді алып тастады.
Көк-сары түсті ұнатпайтын әнші де “кәнсілге” ұшырады
Ал Петропавлда өткен концертінде көк-сары түсті ұнатпайтынын айтқан Akmal’ есімді ресейлік әншінің де басы дауға қалды. Желіде тараған видеодан көрермендердің бірі әншіге көк-сары пакетке салынған шарапты сыйға тартқанын көруге болады. Ол шарапты алып, қағаз пакетті өзіне қайтарып: “Мына пакетті өртеп жіберіңіз. Маған түстері ұнамайды” деп айтқан. Бұл жағдай қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Олар әншінің басқа концерттерін өткізбеу керегін айтты. Шын мәнінде кейін оның 25 қазан күні Қостанайда өтуі тиіс болған концерті сол күйі өтпеді.
Қоғамның кері реакциясына ілінген мейрамханалар
Биыл шілде айында Алматыда халық Кеңес Одағының негізін қалаушы Владимир Лениннің атымен аталған “Ленина 36” мейрамханасының атын ауыстыруды талап етті. Егер атауы ауыспаса, бойкот жариялап, “кәнсіл” жасайтынын жабыла айтты. Осыдан кейін мейрамхана атауы өзгерді.
Ал тамыз айында “әр адам қай тілде сөйлесе де, өзі біледі” деген Алакөлдегі OSTROV-OK демалыс орны да көпшіліктің сынынан соң жұмысын тоқтатты. Қазақстандықтар қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан және әлеуметтік желіде сепаратистік, ұлтаралық араздық тудыратын мазмұндағы хаттар жазған демалыс орны басшысының үстінен eOtinish порталы арқылы шағым түсірген.
Ал 21 желтоқсанда Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортындағы Gusto мейрамханасының әкімшісі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқаны үшін көптің сынына ұшырады. Жағдай түсірілген видео желіде тарады. Видео авторы дәмхана әкімшілігінен “қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма?” деп ғана сұраған екен. Алайда оған қызметкер балағат сөздер айтып, былай деген: “Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет көрсетуге міндетті емеспін”.
Видео авторының сөзінше, мейрамхана әкімшілігі мәселені шешудің орнына, жағдайды одан сайын ушықтырған. Бұл жазба қазақстандықтардың шамына тиді. Халық мейрамханаға бойкот жариялап, әкімшіні жұмыстан шығаруды сұрады. Кейіннен мейрамхана әкімшілігі қызметкерді жұмыстан шеттеткенін айтты.
“Бұл мәселеге жаһан тұрғысынан қараған жөн”
Stan.kz жыл сөзін анықтау үшін мамандарға хабарласып көрген еді. “Қазақ Бабыл” жобасының жетекшісі Бибарыс Сейтақ 2025 жылға “жасанды зият” сөзін ұсынды. Оның айтуынша, “кәнсіл” ұғымы да тек 2025-тің сипаты не жаңалығы деуге келмейтіндей.
“Бұл мәселеге де жаһан тұрғысынан қараған дұрыс сияқты. Экономикалық дағдарыс барлық елді қамтыды, оны біз де әжептәуір сездік, бірақ ол әр жылдары болатын құбылыс. “Кәнсіл” ұғымы да тек 2025-тің сипаты не жаңалығы деуге келмейтіндей. Ал биылдың сөзі болуға лайық тіркес — жасанды зият дер едім. Өйткені ол биылдың нағыз бетбұрыс. Әрине, 2023 жылдан бері жаңалықтар легінен қалмай, күн тәртібінен түспей, көпшілік арасында талқыланып келе жатса да, 2025 жыл жасанды зият жай ұғым емес, кәдімгідей өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған жыл болды. Жасанды зият жасаған видео, фотоматериалдар кең тарап, шынымен көбі ескерткен дипфейктердің алғашқы прецеденттерінің куәсі болдық, мысалы”, - дейді Бибарыс Сейтақ.
Бибарыс Сейтақтың сөзінше, жасанды зият оқу, медицина, қызмет көрсету және, бір өкініштісі, өнер саласына да терең бойлай бастады.
“Бұл үлкен үрдістен Қазақстан да тысқары қалған жоқ. Бізде де жасанды зият бойынша негізгі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, бірнеше бастама көтерілді. Қазір Астанада Халықаралық жасанды зият орталығы салынып жатыр. Мұның барлығы жасанды зияттың күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналғанының айғағы. Өзім жақында ойлана отырып дәл сол жасанды зиятты Жыл сөзі етіп шығарамыз ба деп ойлап қойғанмын (өз парақшамда). Бірақ жоспарға кіріктіріп үлгермейтін болдық ондай айдарды”, – дейді “Қазақ Бабыл” жобасының жетекшісі.
“Меніңше, жыл сөзі “Салық реформасы”
Ал экономист Айбар Олжайдың сөзінше, “салық реформасы” жыл сөзі болуға лайық.
“Қосылған құн салығынан басқа реформа ішіне кіретін көптеген жұмыстар болады. Оның бәрі қосарлана келе жалпы "салық реформасы" деген сөзді жыл сөзі ретінде ұсынар едім”, – деді Айбар Олжай.
“2025 жылдың сөзі бәрібір “төзім” болып қала береді”
Steppe&World баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр жыл сөзіне “төзім” сөзін ұсынды.
“Бұл сөз менің күнделікті өмірімнен шықты. Жеке кәсіпкер ретінде қиындықсыз нәтиже болмайды. Кітап шығару, білім, мәдениет саласында төзімсіз ештеңе жасалмайды. Ұзақ әрі ауыр жол, баяу нәтиже, бірақ соған қарамастан сеніммен жүру – мен үшін төзімнің мәні осы”, – дейді Раиса Сайран Қадыр.
Оның айтуынша, қазақ қандай қиын жағдай болса да тоқтап қалмай, алға жылжи алады. Сол себепті “төзім” сөзін таңдадым дейді Раиса Сайран Қадыр.
“Менің пікірімше, 2025 жылдың сөзі бәрібір “төзім” болып қала береді. Қазақ – көнбіс емес, еңбекқор әрі төзімді халық. Қандай қиын кезең болса да, біз тоқтап қалмаймыз, үнсіз шыдап қана қоймай, алға жылжимыз, бейімделеміз, жол табамыз. “Қосылған құн салығы”, “қымбатшылық”, “АЭС” немесе “жасанды интеллект” – бәрі белгілі бір кезеңнің тақырыптары. Ал төзім – осының бәрінен өтуге көмектесетін ішкі қасиет. Бүгінгі өзгерістер заманында дәл осы төзім қоғамды ұстап тұрған басты тірек деп ойлаймын”, – дейді Раиса Сайран Қардыр.
Instagram желісінде жүргізген сауалнамаға жазылған пікірде 2025 жылы болған атышулы оқиғалар мен танылған есімдер де болды. Мәселен, “Қайрат” футбол клубының ойыншылары Дастан Сәтпаев, Темірлан Анарбековтің есімі және “қосылған құн салығы”, “қымбатшылық”, “АЭС”, “жасанды интеллект” сынды сөздер бар. Дегенмен желі қолданушыларының басым көпшілігі “кәнсіл” сөзін таңдаған.
Айта кетейік, Stan.kz ақпарат агенттігі жыл сайын “Жыл сөзін” анықтайды. Мәселен, 2023 жылы “Жаңа Қазақстан” мен “зорлық-зомбылық” сөздерін жыл сөзі ретінде таңдадық. Ал 2024 жылы таңдау “штрафстан” сөзіне түсті.
"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады