Қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеру: Тоқаев CNPC басшысына тапсырма берді
Мемлекет басшысы CNPC корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илинді қабылдады деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан президенті CNPC-тің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтіп, тату көршілестікке негізделген Қазақстан-Қытай қатынастарының тұрақты дамуын жоғары бағалады.
«CNPC мұнай өндіру саласында да, көмірсутекті қайта өңдеу және тасымалдау саласында да бар. Сіздің корпорация жүзеге асыратын жобалар Қазақстан экономикасында өте маңызды рөл атқарады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент CNPC басшылығына қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге, жалақы деңгейін шетелдік жұмысшыларға төленетін төлемдерге сәйкес келтіруге, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық үлесті арттыруға байланысты бірқатар міндеттер жүктеді.
Ван Ильин мемлекет басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді және компанияның өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған міндеттерін толық түсінетіндігін айтты.