Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік QS рейтингіне енді

Фото: freepik.com

Қазақстандық университеттер әлемдік QS рейтингіне еніп, бірқатар бағыттар бойынша үздік нәтижелер көрсетіп, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан университеттері QS World University Rankings by Subject 2026 жылғы пәндік рейтингіне еніп, бірқатар бағыттар бойынша өз позицияларын нығайтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті рейтингте ең көп көрсеткішке ие болды. Университет 4 салалық және 23 пәндік рейтингке енген.

Келесі орындарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 1 салалық және 15 пәндік рейтингте топ жарды. Одан кейіг Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өз бағыты бойынша жоғары нәтижелер көрсетті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өнер саласында позициясын күшейтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті — педагогика бағыты бойынша алдыңғы қатарда. Айта кетейік, QS пәндік рейтингі әлемдегі 100 ел мен аумақтан 1900 университет жүзеге асыратын 21 мыңнан астам білім беру бағдарламасын қамтитын тәуелсіз салыстырмалы талдау. Рейтинг 55 пәнді және 5 ірі бағытты қамтиды:

  • өнер және гуманитарлық ғылымдар
  • инженерия және технология
  • өмір туралы ғылымдар және медицина
  • жаратылыстану ғылымдары
  • әлеуметтік ғылымдар және менеджмент.

Бен Саутер атап өткендей, қазақстандық университеттер халықаралық деңгейде өз беделін арттырып келеді. Биыл 14 жаңа білім беру бағдарламасы алғаш рет рейтингке енді. Бұдан бөлек лингвистика, білім беру және оқыту бағыттары бойынша көрсеткіштер жақсарды. Ал орындаушылық өнер (performing arts) саласында алғаш рет топ-100-ге енді.

QS мәліметінше, Қазақстан Орталық Азияда топ-100 пәндік рейтингтердегі университеттер саны бойынша көшбасшы болып отыр. Ел бойынша13 университет рейтингке енді. Соның ішінде 4 ірі бағыт пен 27 пән бойынша 70 позицияға ие болды.

"Білім беру және оқыту" бағыты бойынша топ-50-ге ену маңызды жетістік ретінде бағаланды. Нәтижелер Қазақстанның жоғары білім жүйесінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бола түскенін көрсетеді.



Еске салайық, бұған дейін Алматы CNN-нің ең үздік туристік бағыттары тізіміне кіріп, Booking.com трендтер рейтингіне де енгенін жазған едік. Қаланың туризм департаментінің мәліметінше, екінші тоқсанда 1,1 миллионнан астам турист келді, оның 323,5 мыңы – шетелдіктер. Туризмнің өсуіне жаңа әуе бағыттары, халықаралық турлар мен ірі көрмелердегі B2B-кездесулер әсер еткен.

Айым Атамбаева
Жұма, 27 Наурыз, 2026 09:41