Үшінші мемлекет аумағында жасырынып жүр: СІМ Кореяда баланы қаққан қазақстандық жігіт туралы
ҚР СІМ Кореяда 7 жасар баланы қаққан қазақстандық жігітке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
СІМ күдіктінің ұсталмағанын, қазір жасырынып жүргенін мәлім етті.
"СІМ Корея Республикасында орын алған оқиғаны біледі. Қазіргі уақытта бізге белгілі мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматы расында кішкентай баланы қағып кетіп, зардап шеккен баланы жолда қалдырып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Қолда бар деректер бойынша, ол адам қазір үшінші мемлекет аумағында жасырынып жүр. Оның нақты қайда екені бізге белгісіз. Құқық қорғау органдары тарапынан оны іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған жағдайда мәселе құқықтық кеңістік шеңберінде шешілетін болады. Жаңа ақпараттар пайда болған жағдайда қосымша хабарлайтын боламыз", - деді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Бұған дейін БАҚ бетінде Кореяда қазақстандық жігіттің 7 жасар баланы қағып, мемлекеттен қашып кеткені жарияланды.