Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жасөспірім Түркиядағы оқу-жаттығу кезінде көз жұмған: Өлім себебі әлі белгісіз

Наталья Ивахинаның ұлы Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынында көз жұмған. Ұлын он ай бұрын жерлеген ана өлімнің нақты себебін әлі күнге біле алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Сот-медициналық сараптама да әлі дайын емес. Велоспорттан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бапкері Кирилл Ивахин  велосипедімен көлікке өзі соғылып, ауыр жарақаттан жан тапсырғанын айтады. Алайда бұған қара жамылған отбасы сенбейді.

Велоспорттан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшесі жол апатынан қаза тапқан делінген. Алайда көпбалалы ана оқиғаның анық-қанығын біле алмай жанын қоярға жер таппай жүр. Марқұмның жанында болғандар да мән-жайды толық айта алмаған көрінеді.

“Балам велосипедіне отырып жаттығу залынан қонақ үйге командасымен қайтып бара жатқан. Сол кезде оны көлік қағып кетті. Бұл бапкердің маған берген жауабы. Тағы бір бапкері ұлым таза ауаға шығамын деп кетіп, жол апатына ұшырағанын айтты. Сан түрлі пікір. Өздері білмейді. Мен әлі күнге дейін өлімнің себебін білмеймін. Бұл жағдай менің жаныма батады”, – дейді марқұмның анасы Наталья Ивахина.

Көпбалалы ана бас бапкер "шындықты жасырып отыр" деп топшылайды. Себебі, жаттықтырушы жат жерге барған кәмелетке толмаған балаларды көзінен таса қылмай қадағалап, бар жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс дейді қара жамылған әйел. Сот-медициналық сараптама қорытындысы да әлі дайын емес екен.

“Артем Головащенко деген бапкермен ұлым Қырғызстанға жарысқа барып жарақат алған болатын. Сол кезде балама ота жасалғанын команда елге келген соң бірақ білген едім. Түркия елі сот-медициналық сараптама 3-6 ай аралығында дайын болады деген. Оның қорытындысын күте-күте шаршадым”, – дейді Наталья Ивахина.

Алайда маунтинбайктен Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Артем Головащенко оқиға мүлдем басқаша өрбігенін алға тартады. Оның айтуынша, Кирилл велосипедпен төмен қарай құлдилап, көлікке өзі барып соғылған. Сосын Түркияның полициясы жылдамдықты щамадан тыс асырып, жол ережесін бұзған спортшы жол апатына кінәлі деп тауыпты.

“Мен қазқатар тізіліп бара жатқан алты спортшының соңында келе жаттым. Жоғарыдан төмен қарай түсетін жол шықты, алдымыздан. Сол уақытта барлығы оңға бұрылу керек болған. Бірақ Кирилл тура кетіп қалды. "Тоқта" деп айғайлағаныммен, тыңдаған жоқ. Сосын қатты жылдамдықпен өз жолымен жүріп бара жатқан көлікті соқты. Жергілікті полиция спортшы жол ережесін бұзды деген шешім шығарды”, – дейді баланың анасы.

Астана қаласы Олимпиада резервін даярлау орталығының өкілдері қара жамылған отбасына қаржылай көмек көрсетілгенін жеткізді. Одан басқа қолдан келер шара жоқ дейді орталықтағылар. Ал бас бапкерге ешқандай шара қолданылмапты.

“Ешқандай жаза қолданылмады. Өйткені ол жақта болған жайтқа біз ешқандай қызметтік тексеріс жүргізе алмадық. Бар жұмыс жасалды. Бапкерден түсініктеме алдық. Ол жақтың прокуратурасы өздері айналысқан. Бізге өлгені туралы куәлікпен бірақ келді. Сондықтан біз ешткеңке істей алмадық”, – дейді Астана қаласы Олимпиада резервін даярлау орталығы директорының орынбасары Асылан Жақсыбеков.

Наталья Ивахинаның соңғы үміті — сыртқы істер министрлігі. Жауапты ведомствоға шағым түсіремін деген ана қайғылы оқиғаның жай-жапсарын білу үшін соңына дейін барамын деп отыр.
 

Талқылау